Вице-Президентті Құрылтай келісімімен Президент тағайындайды 

Фото: gov.kz

«Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық Заң жобасының негізгі новелласы — конституциялық деңгейде енгізілген жаңа институт — Қазақстан Республикасының Вице-Президентін іске асыру болып саналады. Ол мемлекеттік басқару жүйесінің тұрақтылығын арттыруға және жоғары билік органдарының үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл туралы Заң жобасын таныстырған Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев айтты, деп хабарлайды «24KZ».

Министрдің мәліметінше, 3-тарауда Вице-Президентті тағайындау тәртібі белгіленеді — ол Құрылтайдың келісімімен Президентпен тағайындалатын болады. Бұл ретте кандидатқа қойылатын біліктілік талаптары нақты айқындалған. Сонымен бірге оның өкілеттігін тоқтату негіздері, жоғары лауазымды тұлға мәртебесіне ұқсас шектеулер қарастырылады.

— Вице-Президенттің негізгі функциясы — Президенттің тапсырмасы бойынша мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау кезінде Президент атынан өкілдік ету. Сонымен қатар Вице-Президенттің өкілеттіктерін егжей-тегжейлі реттеу Президенттің актілері негізінде жүзеге асырылатын болады. Бұл құқықтық реттеудің икемділігін қамтамасыз етіп, мемлекеттік басқарудың практикалық міндеттеріне бейімделуге мүмкіндік береді. Вице-Президенттің қызметін Мемлекет басшысының Әкімшілігі қамтамасыз етеді. Конституциялық заң жобасында Президент актілері мәселелеріне ерекше назар аударылған. 4-тарауда Конституцияда көзделген жағдайларда (Құрылтай өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылып, оның уақытша болмауы кезеңінде) конституциялық заң не заң күші бар жарлықтар шығару мүмкіндігі қарастырылған. Бұл конституциялық шектеулерді сақтай отырып, мемлекеттік басқарудың жеделдігін қамтамасыз етуге бағытталған, — деді Ерлан Сәрсембаев.