Жолдау-2026: импортқа тәуелділікті азайту керек
Ауыл шаруашылығы техникаларына қажетті қосалқы бөлшектерді отандық кәсіпорындарда шығару керек, деп хабарлайды 24KZ.
Құрылтай депутаты Қайрат Айтуғанов осылай дейді. Оның айтуынша, техника істен шыққан кезде шаруашылықта жұмыс тоқтап қалады. Ал қажетті бөлшектерді шетелден алдыруға уақыт кетеді. Жергілікті өндірісті дамыту импортқа тәуелділікті де азайтады. Петропавлда депутаттар жергілікті машина жасау зауытының ұжымымен кездесті. Жиында Президент Жолдауы талқыланды. Кәсіпорынның жұмысын кеңейту мен жұмысшылар жалақысын көбейту мәселелері қозғалды. Зауыт жыл басынан бері 1,8 млрд теңгенің өнімін өндірді. 500 адам еңбек етеді. Олар радиоэлектрондық жабдықтар мен байланыс құралдарын жасайды. Теміржол мен мұнай-газ саласына қажетті құрылғылар да шығарады. Алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, жаңа технологиялық бағыттарды игеру жоспарланып отыр.
Қайрат Айтуғанов, Құрылтай депутаты:
– Солтүстік Қазақстан облысы – аграрлық аймақ. Мұнда шетелдің ауыл шаруашылығы техникалары көп қолданылады. Ал олардың бөлшектерін өзге мемлекеттерден және басқа елдің валютасымен сатып алуға тура келеді. Сондықтан шаруалар бұл бағыттағы өндірісті ел ішінде дамытуды ұсынып отыр. Қосалқы бөлшектерді отандық кәсіпорындар шығаруы тиіс. Жалпы өнеркәсіпті өркендету – Президент Жолдауындағы маңызды бағыттардың бірі.