Жұмыссыздық бойынша жәрдемақы төлеу ережесі өзгереді
Елімізде жұмыссыздық бойынша төленетін жәрдемақының мөлшері қайта қаралып, рәсім мерзімдері өзгереді. Еңбек министрлігі тиісті түзетулер әзірлеп жатыр.
Жұмыссыз қалған азаматтар енді жәрдемақыны қазіргідей максималды 6 айға дейін емес, 4 ай ғана алуы мүмкін. Әлеуметтік сақтандыру қоры арқылы берілетін бұл төлемнің шекті мөлшері де белгіленеді. Қолданыстағы ереже бойынша, азамат жұмыс іздеуші ретінде тіркелген соң, 3 күн ішінде Мансап орталығы ұсынған бос вакансиялардан лайықты жұмыс орны табылмаса, жәрдемақы тағайындалады. Енді қарастыру мерзімі 3 күннен 10 күнге дейін ұзартылмақ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев қаралып жатқан өзгерістер жайында айтып берді.
Асқарбек Ертаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
- Қазіргі уақытта жәрдемақы төлемдерінің ең жоғары мөлшері қайта қаралып жатыр. Пандемияға дейін адам жұмыссыздық бойынша жәрдемақыны 4 ай бойы ала алатын. Пандемия кезінде бұл мерзім 6 айға дейін ұзартылды, қазір де солай сақталып отыр. Қайтадан 4 айға дейін қысқартуды ұсынып отырмыз. Біз осы мәселені күн тәртібіне шығардық. Көлеңкелі схемаларды болдырмау үшін есептеулерді қайта қарап, жәрдемақы мөлшерін анықтаймыз. Қазір төлемнің жоғарғы шегі жоқ, сол себепті шекті мөлшер енгізіледі.
Өзгерістердің қазіргі жәрдемақы алушыларға қатысы жоқ. Тек ереже күшіне енген соң жаңадан рәсімдеушілерге қолданылады. Айта кетейік, осы жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша, жұмыстан айырылу бойынша жәрдемақы 185 мыңнан аса адамға тағайындалды.
Рауан Балуанбеков, ҚР ЕХӘҚМ Әлеуметтік сақтандыру және базалық қамтамасыз ету басқармасының бас сарапшысы:
- Оның ішінде әлеуметтік төлемдер 5 ай мерзімге тағайындалғандар саны 14 160 адамды, ал 6 ай мерзімге алғандар саны 115 107 адамды құрайды. Сонымен қатар енгізілетін өзгерістер тек жаңа алушыларға, яғни ұсынылып отырған түзетулер күшіне енгеннен кейін әлеуметтік төлемдер тағайындалатын тұлғаларға ғана қатысты болатынын атап өткен жөн.
Биылғы І тоқсанда елдегі жұмыссыздық бойынша жәрдемақының орташа мөлшері 101 375 теңгені құрады. Ең төменгі мөлшері 26 775 теңге, ең жоғары мөлшері орта есеппен 348 075 теңгеге жеткен. Төлем тек Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорының қатысушыларына ғана беріледі. Жұмыс беруші қорға ай сайын 5% міндетті жарна аударып отырған болса,, азамат жұмыссыз қалған жағдайда бұл жәрдемақыны алуға құқылы. Кемі 6 ай еңбек өтілі болуы шарт. Айта кетейік, егер төлем алушы қандай да жалған мәлімет берген болса, қаражаты қайтаруға міндеттеледі. Одан соң,, Еңбек министрі Мансап орталықтарының жұмысын күшейтуді тапсырды. Олар әрбір жұмыссыз азаматты жеке қарастырып, оның жұмысқа орналасқанына дейін толық сүйемелдеуі қажет. Айта кетейік, былтыр елордалық Мансап орталығы 6 мыңға жуық адамның тұрақты жұмысқа орналасуына көмектесті. Жыл басынан бері тағы 800-ден астам адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.
Бағила Орымбетова, Мансап орталығының директоры:
- Маман оның қандай мамандықпен жұмыс іздеп жүргенін, толық резюмесін еңбек.кз базасына толтырады. Қандай мамандықпен іздеп келді, қанша жұмыс өтілі бар екенін, қандай жалақыдағы жұмыс орнын іздеп жүргенін толық мәлімет кіргізіледі. Содан кейін барып өзі іздеген мамандық бойынша жұмыс қарастырамыз, болмаса соған жақын мамандықтарды қарастырамыз.
Иә, Мансап орталықтарының басты міндеті – «екі қолға бір күрек» іздегендерге нақты көмек көрсету. Жұмыс іздеуші Владимир Рясса есімді азамат солардың бірі. Жақында жұмыссыз қалып, таныстарының кеңесін тыңдап, орталыққа келген. Туризм саласы маманының 5 жылдан аса еңбек өтілі бар. Бірнеше ұсынысты қарастыруға дайын екенін айтты.
Владимир Рясса, қала тұрғыны:
- Өз мамандығым – туризм саласы бойынша жұмыс іздеуге кірістім. Егер еңбек жағдайы немесе жұмыс кестесі ұнамай жатса, одан өзге вакансияларды іздеймін. Мысалы, корпоративтік әкімшілендіру немесе қонақ үй әкімшісі. Туристік маусымның басталуына орай, қазір бұл сала сұранысқа ие.
Сөз соңында еңбек нарығындағы ахуал жайында бірер статистикаға тоқталайын. Еңбек.кз электронды порталында 52 739 бос жұмыс орны жарияланған. Жұмыс берушілердің ең көбі Алматы қаласында: 5130 вакансия бар. Астана қаласы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай облыстарында бос жұмыс орындарының саны басым. Сұранысқа анағұрлым ие салалар қатарын бұрынғыдай: Білім беру, медицина және фармацевтика, өндіріс, Көлік және логистика, қаржы, құрылыс салалары бастап тұр.
Еnbek.kz
52 739 бос жұмыс орны
ТОП-5
Білім беру - 4989
Медицина - 2758
Өндіріс - 2377
Көлік-логистика - 1368
Қаржы - 1174
Құрлыс – 1040