Өкпеге операция жасаудың тың тәсілі
Қазақстанда алғаш рет өкпеге жаңа әдіспен операция жасалды. Оның ерекшелігі кеуде қуысының аз зақымдануында.
Яғни операция шағын тілік көмегімен өтеді. Дәрігерлердің айтуынша, мұндай тәсілден кейін тыртық көлемі кішірейеді. Науқас та тез аяққа тұрады. Жаңа әдісті Алматыдағы Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының мамандары қолданды. Бұл операция, өкпесінде туберкулемасы бар 19 жастағы жігітке жасалды. Дәрігерлердің сөзінше, науқас денесінде үлкен тыртық қалғанын қаламаған. Сондықтан осы тәсілді таңдапты. Операция сәтті өтті. Қазір науқас ауруханадан шығуға дайындалып жатыр. Алдағы уақытта алматылық хирургтар бұл әдісті еліміздің басқа өңіріндегі мамандарға үйретпек.
Жасұлан Ахметұлы, ҚР Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының Хирургия бөлімінің меңгерушісі:
- Бұл отаны жасау үшін біріншіден хирург стандартты үш порттық, екі порттық және бір порттық видоеторокоскопияны толық меңгеруі қажет. Сол кезде отаны жасау ыңғайлы және оңайырақ болады. Бір порттан жасалатын операциялар негізінен сол 25 пен 45 минуттың арасында жасалынады. Ол енді хирургтың қолына байланысты.
Алмагүл Қауышева, ҚР Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы директорының орынбасары:
- Бұл ота үлкен шеберлік пен тәжірибені талап етеді. Хирургтың қимылы дәл әрі үйлесімді болуы керек. Себебі ота кішкентай тілік арқылы жасалады. Сондықтан дәрігер мұқият жұмыс істеуі қажет.