Ардагерлер еккен аққайың аллеясы

Ұлытау облысында Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан көзі тірі ардагер қалмады. Бірақ олардың ерлікке толы өмірін ұрпақ жадынан өшірмейтін естеліктер бар.

Солардың бірі - Жезді кентіндегі ақ қайың аллеясы. Жергілікті мұражай жанындағы саябаққа ағаштарды көп жыл бұрын ардагерлер еккен. Бүгінде мұнда жауынгерлердің туыстары, ауыл жастары келіп батырларды еске алады.

Бұл қайыңдар аллаеясы тікелей соғыс ардагерлерінің бастамасымен салынған. 2000 жылы осындағы 55 ардагердің әрқайсы бір-бір қайыңнан еккен. Одан бері де ширек ғасыр өтті. Қазір Ұлытау облысында көзі тірі бірде-бір ардагер қалмады. Ал мына аллея олар жайлы естелік айтатын көпшілік орынға айналды.

Шағын саябақ Мәкен Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі тарихы мұражайының аумағында орналасқан. Ағаштарды музей ұжымы күтіп-баптап отыр.

Рузия Қапарова, М.Төрегелдин атындағы Тау-кен және балқыту ісі тарихы музейінің қызметкері:

- Бұл жерде жеңіс мерекесі қарсаңында дәстүрлі ұрпақтар кездесуі өтеді. Ең алғашқы жылы қайың отырғызған Әлихан Байқоңыров деген атамыз дүниеден өтіп, сол кісіні еске алу мақсатында ұрпақтары пікір білдіргеннен кейін алғашқы кездесуімізді өткіздік 2001 жылы. Содан бері биыл 25-ші рет дәстүрлі кездесу өтеді.

Жезді тұрғыны Берік Құлажанов ұрпақтар кездесуіне қалмай қатысып тұрады. Себебі аллеяда әкесі еккен қайың бар. Алпысбай Құлажанов 1939 жылы әскерге шақырылып, одан әрі майдан шебіне аттанған.

Берік Кұлажанов, Жезді кентінің тұрғыны:

- 1945 жылы соғыс аяқталып, елге қайтайын деп жатқанда Жапон соғысы басталып 1-2 жылға алып қалып, 47-ші жылы елге оралған. Елге оралғаннан соң еңбек етіп, ұрпағы ретінде біз таралдық. Одан міне ұлдар өсіп, қыздар өсіп, немере-шөберелер ұрпақтар аллеясын жылда көріп осыдан тілім-тәрбие алып өсіп жатырмыз.

Мұқанбетқали Әбілдинов аллеяға айына бір келуді әдетке айналдырған. Келген сайын әкесі Айғазы ақсақал еккен қайыңды суарады. Немересіне атасы жайлы естеліктер айтады. Айғазы Әбілдинов жеңісті Варшавада қарсы алған. Соғыстан кейін ұзақ жылдар теміржол саласында еңбек еткен.

Мұқанбетқали Әбілдинов, Жезді кентінің тұрғыны:

- Тек қана мен ғана емес. Бірі тегіс әкеміздің ұрпақтары, Қарағанды, Алматыға дейін бар. Осында келген сайын жиналып, бәріміз әңгімелесіп, әкелерімізді, шешелерімізде еске алып отырамыз. Немерелерімізді ертіп келеміз.

Қайыңдар аллеясында музей қызметкерлері мектеп оқушыларына арнап экскурсия ұйымдастырады. Жас ұрпаққа ардагерлер жайлы, соғыс жылдары небары 38 күнде ашылған Жезді марганец кенішінің тарихы туралы айтады. Қиын-қыстау кезеңде тылда аянбай тер төккен жандардың еңбегін әңгімелейді. Өкінішке орай жыл санап олардың да қатары сиреп барады. Бүгінде Ұлытау өңірінде 317 тыл ардагері тұрады.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрлан Исмаилов, Гүлшахира Серекбаева