Әлия Молдағұлованың досына жазған хаты жарияланды
Құнды жәдігерді Ақтөбедегі батырдың мемориалдық мұражайынан көруге болады. Қазақтың батыр қызы балалар үйінде бірге өскен досына соғысқа аттанғалы тұрғанын жазған.
Әлия Молдағұлова нағашылары Сапура және Бисембай Қабиевпен жиі хат алмасқан. Мұражайда батырдың 7 хатының көшірмесі бар. Ал, ұмыт қалған 8-ші хатты мәдениет ошағының мамандары мемлекеттік архивтен алып, көпшілік назарына ұсынды. Құнды жәдігер белгілі журналист, деректі фильмдердің сценарисі Сейілхан Асқаровтың жеке мұрағатында болған. Әлия Молдағұлова Олег есімді бала күнгі досына жақын арада Отан қорғауға аттанатынын қуанышпен хабарлаған.
Айсұлу Тұралиева, «Әлия» мұражайының қызметкері:
- «Мен снайперлер мектебінде оқып жүрмін. Әрі қарай Отан қорғауға барамын. Және мен бірнеше рет әскери комисариатқа барған кезімде жасы келмегендіктен мені бірнеше рет қайтарып жіберді. Бірақ менің өзімнің табандылығымның арқасында мен осыған қол жеткіздім» -деп сондай өзі қуанышын бөлісіп жазған. Сонымен қатар белгілі жазушы Аркади Гайдардың сөзін де келтіріп жазған. «Сол үндеу маған өте әсерлі болды», - дейді. «Және менің де өміріме әсерін берді»-деп Олегке жазады.
Бұл шамамен 1943 жыл. Әлия Молдағұлова мергендер мектебінің үздік түлегі атанған кезі. Досына сәлемі мен ықыласын, туған жерге деген ыстық махабаттын бас аяғы 15 сөйлемге сыйдырған батыр қыз көп ұзамай 54-ші арнайы атқыштар бригадасының қатарында майданға аттанады.
Мәскеу мен Ленинградта білім алған Әлия Молдағұлованың хаттары туған жерге деген ыстық ықыласқа толы. Отан үшін от кешіп, жанын қиюға бар екенін мына бір газет қиындысында жазылған бір шумақ Абайдың:
Бұл өмірдің қызығы махаббатпен
Көрге кірсең үлгілі жақсы атақпен
Арттағыға сөзің мен ісің қалса
Өлсеңде өлмегенге боласың тең - деген өлеңімен жеткізген.
Батырдың хаттарымен мемориалдық мұражайда танысуға болады. Мұнда Әлия Молдағұлованың дүниеге келген Бұлақ ауылынан бастап қоршауда қалған Ленинград, Казачиха ауылы маңындағы ақырғы шайқасы сияқты өмір жолы туралы толық мағлұмат алуға болады.
Айдана Болат, студент:
- Әлия Молдағұлованың бұған дейін, соғысқа кетер уақытында медбике боламын деген мақсатпен кететінін, содан кейін оның мерген болып кеткенін білдік. Сондай өзіме тың ақпараттар алып жатырмын. Бізге өте қатты пайдалы болды.
Жеңіс күні қарсаңында Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың облыстық мемориалды мұражайында арнайы көрме ашылды. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 40-тан астам ақтөбелік жауынгердің суреті мен медаль-ордендері, құжаттары мен жеке бұйымдарын көруге болады.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов