Таразда ардагердің ауласында мерекелік парад өтті

Таразда Жеңіс күніне арналған мерекелік шеру тура соғыс ардагерлерінің ауласында ұйымдастырылды.

Осылайша әскерилер мен жергілікті билік өкілдері майдангерлерге ерекше құрмет көрсетті. Әскери оркестр патриоттық әндерді орындап, сарбаздар салтанатты сап түзеп жүріп өтті. Ал жас буын өкілдері ардагерлерге алғыс білдіріп, сый-сияпат пен министрліктің алғыс хаттарын табыстады.

Әскери оркестр мен сап түзеген жауынгерлер ең алдымен Шалданбай Шаңбаев ақсақалдың үйіне барды. 102 жастағы майдангер әлі де тың. 18 жасында қанды қырғында аттанып, ішкі істер әскерінің 227-полкі құрамында болды. Өңірлік қолбасшылықтың оркестрі отты жылдарды еске салатын әуенді орындады. Ал сарбаздар саппен жүріп ардагерлерге құрмет көрсетті. Шара соғыс ардагері Иван Макеевтің ауласында да жалғасты. Мұнда мектеп оқушылары өлең оқып, патриоттық шығармалар орындады.

Иван Макеев, соғыс ардагері:

- Соғысқа қатысқан әрбір жауынгер бейбіт болашақ үшін қан төгіп, жанын пида етті. Сол ерліктің арқасында бүгінгі ұрпақ тыныш аспан астында өмір сүріп отыр. Жақсы оқыңыздар. Бір-біріңізге дос болып, еліміздің мықты азаматы болыңыздар. Еліміз тыныш болсын. Аспанымыз ашық болып, енді ешқашан жарылыс даусын естімейік. Ұлы Жеңіс күні құтты болсын!

Әскерилер Геннадий Ивановты да назардан тыс қалдырмады. Майдангер небәрі 17 жасында әскер қатарына шақырылып, минометші ретінде Берлинге дейін жеткен. Бүгінде майдангердің басты тілегі – ел тыныштығы. 

Геннадий Иванов, соғыс ардагері:

- Жеңіс күнінде тек бүгінгі ардагерлерді ғана емес, бақилық болған сол бір сұрапыл жылдардың барлық батырларын да құрметтеу қажет. Оларды ұмытпау – біздің борышымыз. Миллиондаған жауынгер ел мен жер үшін жанын қиды. Кейінгі ұрпақ мұны біліп, жадына берік түйгені абзал.

Биыл өңірдегі соғыс ардагерлеріне 5 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйақы табысталды. Сондай-ақ қорғаныс министрінің алғыс хаттары берілді.

Бақытжан Қырғызәлі, "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының орынбасары:

- Әкімшілікпен бірге осы ауласын тазалау көмек көрсету. Бізде әр ардагерімізге бекітілген әскери бөлімдер бар. Сол әскери бөлімдер арқылы хәл жағдайын білім отырамыз. Сол әскери бөлімдерден бекітілген медициналық қызметкердеріміз бар. Айына бір рет, айына екі рет. Әрине бұл тек әскери бөлімнен емес, мына әкімшіліктің көмегі де бұл жерде орасан зор деп айтсам болады. 

Отан соғысы жылдары Жамбыл облысынан 41 мыңнан астам азамат майданға аттанған. Бүгінгі бейбіт өмір сол әрбір жауынгердің жанқияр ерлігінің нәтижесі. Сондықтан ардагерлерге құрмет көрсету ұрпаққа жүктелген қасиетті борыш болып қала бермек. Олардың ерлігі мен есімі ешқашан ұмытылмайды.

Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә