Таразда жаңа полиция бөлімшесі ашылды
Тараздағы Ұлы Дала шағын ауданында жаңа полиция бөлімшесі ашылды. Бұған дейін мұнда учаскелік полиция пункті ғана жұмыс істеген, деп хабарлайды 24KZ.
Енді тәртіп сақшыларының қатары көбейіп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүмкіндігі артты. Жаңа нысан заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталып, аумақтағы бейнебақылау жүйесіне қосылған.
Ұлы Дала – Тараздағы халық тығыз қоныстанған шағын аудандардың бірі. Мұнда 56 мыңнан астам халық тұрады. 142 көпқабатты үй бар. Бұған дейін қоғамдық тәртіпті небәрі төрт полиция қызметкері қадағаласа, жаңа бөлімше ашылғаннан кейін олардың саны 10-ға жетті. Бұл тұрғындардың қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік береді.
Ермек Манапов, қала Прокуратурасының бөлім бастығы:
– Полиция бөлімшесіне жедел басқару орталығы өз жұмысын бастады. Мөлтек ауданда орналасқан бейнекамералар осы полиция бөлімшесіне қосылып, қазіргі таңда тәуліктік бақылау жүргізілуде. 80 камера қазіргі таңда жұмыс істейді.
Алдағы уақытта шағын ауданға тағы 100 камера орнатылады. Бұл заңбұзушылықтың алдын алып, жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Жалпы жаңа бөлімшеде қызметкерлерге қажетті компьютерлер, тергеу және уақытша ұстау камералары мен тәртіп сақшыларына арналған жуыну орындары да қарастырылған. Тіпті балаларға арналған арнайы бөлмелер де бар.
Ардақ Мәдімаров, қалалық полиция басқармасының бастығы:
– Былтыр 29 қылмыстық іс осы жақта Ұлы Дала мөлтек ауданында қозғалған. Биыл 15 қылмыстық іс қозғалды. Төмендеу профилактикалық жұмыстарды атқарып жатырмыз. Ішімдік ішіп жүрген адамдарды дер кезінде барып, олардың бәрін осы жаққа әкеліп, профилактика жұмыстарын өткіземіз. Халықтың бәрі біледі.
Таразда «Заң және тәртіп» жобасы аясында жүйелі де нәтижелі профилактикалық жұмыстар атқарылуда. Мәселен, былтыр 10 айда 2150 қылмыс болса, биыл 1758 дерек тіркелген.
Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев