«Мәңгілік жадымызда» порталына 700 мыңнан астам майдангер туралы мәлімет енгізілді
Қазақстанда Ұлы Жеңіс күніне орай соғыс ардагерлері туралы бірегей цифрлық жоба іске асырылуда. Бүгінгі таңда «Мәңгілік жадымызда» порталында 705 488 майдангердің дерегі жинақталды, деп хабарлайды 24KZ.
Аида Балаеваның айтуынша, бұл портал майдангерлер туралы ақпаратты жинақтау, жүйелеу және олардың Жеңіске қосқан үлесін мәңгі сақтау мақсатында өткен жылы іске қосылған. Қазіргі уақытта сайтта 365 Кеңес Одағының Батыры, 4 екі мәрте Кеңес Одағының Батыры және 19 «Даңқ» орденінің толық кавалері туралы дерек жарияланған.
Министр елімізде тарихи жадыны сақтау және майдангерлердің ерлігін ұлықтау бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Аида Балаева соғыс жылдарындағы қазақ әдебиеті мен мәдениетінің рөліне ерекше тоқталды. Мәлік Ғабдуллин, Кемел Тоқаев, Әзілхан Нұршайықов, Қасым Аманжолов және Қасым Қайсенов сияқты тұлғалар майдан шебінде шайқасып қана қоймай, өз шығармаларымен халықтың рухын көтерді.
«Жазушы-майдангерлер өз туындыларында соғыс жылдарындағы ерлік пен патриоттық рухты паш етіп, болашақ ұрпақ үшін маңызды әдеби мұра қалдырды», — деді министр.
Жеңістің алдағы мерейтойларына орай Қазақстанда тағы бір ауқымды шара қолға алынды. Еліміздегі 500-ден астам көше мен даңғылға Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімі берілмек.