Соғыс ардагерлерінің рухына тағзым етілді
Шымкентте Жеңіс күніне орай Екінші дүниежүзілік соғыс қаһармандарының рухына тағзым етілді.
Салтанатты шараға қала әкімі, қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері және тұрғындар қатысты. Жиында батыр бабалардың өнегелі өмір жолы туралы естеліктер айтылып, боздақтардың рухы бір минут үнсіздікпен еске алынды.
Оңтүстік өңірден майданға 140 мыңнан астам жауынгер аттанды. Сұрапыл соғыста ерлік көрсетіп, ел қорғаған батырлар есімі ешқашан ұмытылмақ емес. Қала тұрғындары қалыптасқан дәстүр бойынша «Мәңгілік алау» монументіне гүл шоқтарын қойып, боздақтар рухына бір минут үнсіздікпен тағзым етті.
Жеңіс жолында жанын қиған талай ердің тағдыры ұрпаққа өнеге. Осы мақсатта от ішінен Отанына оралмаған боздақтарды түгендеп, «Даңқ» мемориалындағы мәрмар тастарға олардың есімін қашап жазу жұмыстарына ерекше көңіл бөлінді.
Кенжехан Төлебаев, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
- Архивке кірмей қалған азаматтар бар. Биылдың өзінде мысалы, Сайрам ауданынан екі кісі, Мақтаарал ауданынан екі кісі арнайы әскери Қорғаныс департаментінен анықтама берілгеннен кейін бүгінгі Жеңісті мерекелеу қарсаңында жазып қойдық. Бұл – енді келешек ұрпаққа тәлім-тәрбиесі бар іс-шара болып табылады.
Ата-баба рухына тағзым етуге келген тұрғындардың қарасы қалың. Олар тасқа қашалған жаңа есімдермен танысып, соғыс ардагерлерінің көзі тірісінде айтып кеткен ғибратты естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ бүгінгі бейбіт күнді бағалауға үндеді.
Ұлбала Саудабаева, қала тұрғыны:
- Атаң сияқты болуларың керек. Еңбек етулерің керек халыққа. Оқуларың керек деп үйретіп отырамыз. Жастар бағалау керек, білу керек. Осы Жеңіс оңайлықпен келген жоқ.
Өңірде жастығын сұрапыл соғысқа сарп еткен майдангерлер қатары сирегенімен оларға деген құрмет кеміген жоқ. Жиналғандар келер ұрпақтың білім мен ғылымда жеңіс тұғырынан көрінуін тілеп тарқасты.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов