Өшпес ерлікке мәңгілік тағзым

Қостанайдағы Жеңіс саябағында бүгін әдеттегідей мыңдаған адам жиналды. Олар соғыста қаза тапқандар ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. 

Мерекелік шара аясында отты жылдарды еске түсіретін қойылымдар көрсетіліп, әскери әндер шырқалды. 

Жеңіс күніне арналған шараға көзі тірі майдангерлер Қасымхан Алдабергенов, Михайл Подоляков, Ділдәбек Нұрышев арнайы көлікпен жеткізілді. Соғыс ардагерлерін жиналған жұрт зор құрметпен қарсы алды. Бабаларымыздың төгілген қанымен, қиылған жанымен келген бұл мерекені көпшілік ерлікке құрмет, рухқа тағзым ету күні деп біледі .

Құмар Ақсақалов, Қостанай облысының әкімі:

- Біз жауға қарсы тұрған барша батырлардың рухына тағзым етеміз.Жауынгерлеріміз асқан ерлікпен батылдық танытып, азаттық пен әділдік жолында аянбай күресті. Жеңіске тыл еңбеккерлері де өлшеусіз үлес қосты. Ел басына күн туғанда жұдырықтай жұмыла білді. Бүгінде олардың да ерлікке толы өмірі дәріптеліп жатыр.

Жеңіс саябағында иық тірескен халық кезек-кезегімен келіп, қан майданда қаза тапқандар ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Отан үшін опат болған боздақтардың құрметіне 1 минут үнсіздік жарияланып, аспанға оқ атылды. Тек қана Қостанай облысынан қырғын соғысқа 73 мың 500 адам аттанып, соның жартысынан астамы майдан даласында мерт болған.

Дәмір Қалқаев, Қостанай қаласының тұрғыны:

- Нағашы атамыз осы Ұлы Отан соғысында сонау Берлинге дейін барып, осы соғыстың қиыншылықтарын бәрін көрген. Қазіргі уақытта осы ұрпақтары бәрі соны еске сақтап, құрметтейді. Мақтан тұтады.

Болат Сырғабаев, Қостанай қаласының тұрғыны:

- Ата-бабамыз қан төккен, біз үшін өз өмірлерін берген. Иә, өте маңызды мейрам.

Бізбен тілдескен бар адамның тілегі «аспанымыз ашық, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын» деген арнада тоғысып жатты.

Болат Байділдинов, Науырзым ауданының тұрғыны:

- Бәріміз тату өмір сүріп, әрқашан кең байтақ Қазақстанымызда аман-сау жүре берейік.

Мерекелік бағдарламада шеңберінде Жеңіс саябағында күмбірлеп күй шертіліп, әскери әндер орындалды. 

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров