Үржардағы әуежай жаңартылады
Абай облысындағы Үржар ауылында әуежай ғимараты жаңартылмақ. Бұл – өңірдегі аудандарды байланыстыратын жалғыз әуе қатынасы нысаны.
Жоба толық жүзеге асқанда жаңа терминалдың өткізу қабілеті едәуір артады деп күтілуде. Қазірдің өзінде жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, мердігер компания анықталған. Мамандардың айтуынша, жаңғыртудан кейін әуежай сағатына 140 жолаушыға қызмет көрсете алады. Бұл өз кезегінде Алакөл бағытындағы туристер ағынын төрт есеге дейін көбейтуге мүмкіндік береді.
Үржардағы әуежай 1974 жылы салыныпты. Содан бері жыл он екі ай үздіксіз жұмыс істеп келеді. Қысы-жазы жолаушылар қабылдайтын әуежайда әсіресе жаз мезгілінде қарбалас күшейеді. Аптасына 2-3 рет қатынайтын рейстер бұл кездері күнделікті ұшады. Алакөлге еліміздің түкпір-түкпірінен келетін туристердің басым бөлігі осы Үржар әуежайы арқылы жетеді. Биыл нысан ғимараты жаңғыртылып, жолаушыларды қабылдау мүмкіндігі 4 есеге артпақ. Құрылыс мамыр айының соңында басталады.
Ернат Жұмашев, Үржар аудандық ТКШ бөлімінің басшысы:
- Құрылыс жұмыстарынан кейін аумағы үлкеймейді, өйткені осы әуежайды қолданыстағы аумағына саламыз. Сол себепті аумағы үлкеймейді. Бүгінгі таңда мердігер анықтап, авторлық және техникалық қадағалау анықталып келісімшартқа отырған болатынбыз. Қазіргі кезде рұқсат беру құжаттары рәсімделіп жатыр. Жақын арада бізде құрылыс жұмыстары басталатын болады.
2020–2022 жылдар аралығында ұшу-қону жолағы күрделі жөндеуден өткізіліп, ұзындығы шамамен екі есеге ұлғайтылды. Сонымен қатар бақылау ғимараты жаңарып, су және электр желілері тартылды. Ал 2023 жылы түнгі уақытта әуе кемелерін қабылдауға мүмкіндік беретін арнайы жарық шамдары орнатылған болатын. Бұл жұмыстар әуежайдың қызмет көрсету сапасын арттырып, оның тәулік бойы жұмыс істеу мүмкіндігін кеңейтті.
Жүргізілген жаңғырту жұмыстарына қарамастан Үржар әуежайының мүмкіндігі әлі де шектеулі. Қазір мұнда Airbus пен Boeing секілді ірі әуе кемелерін қабылдау мүмкін емес. Мамандардың айтуынша, мұндай ұшақтарды қондыру үшін әуе айлағы мен инфрақұрылымды түгел қайта жаңарту қажет. Бүгінде әуежайдағы рейстер негізінен Ан-24 және Як-40 секілді шағын ұшақтармен орындалады.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков