Жаңа әуежайлар мен жолдар: инфрақұрылымға серпін
Алматыдан Токиоға енді жол қысқарады. Қараша айында қос ел арасында тікелей әуе қатынасы іске қосылады, деп хабарлайды 24KZ.
Бұл Қазақстан мен Жапония арасындағы байланысты нығайтып, туристер мен іскерлік сапарлардың мүмкіндігін кеңейтпек. Жаңа бағыттың жайын үкіметте өткен баспасөз брифингінде үкімет басшысының бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев хабарлады. Бірінші вице-премьер сүйіншілеткен тағы бір жаңалық енді Аралдан мұнайлы Маңғыстауға дейінгі жол жақындай түседі. Көп күткен Арал – Каспий автомагистралі 2028 жылы қараша игілігіне беріледі.
Қазақстанның авиациялық картасы кеңейеді. Жыл соңына дейін елімізде бірден үш жаңа әуежайдың құрылысы аяқталуы тиіс. Олар – Зайсан, Катонқарағай және Кендірліде бой көтеріп жатыр.
Бұл жобалар шалғай өңірлердің көлік қолжетімділігін арттырып, туристік әлеуетін ашуға мүмкіндік береді. Мұнымен қоса, Алматы мен Үржар әуежайлары жаңғыртылып, Шымкентте екінші ұшу-қону жолағының да жұмыстары аяқталады. Ал халықаралық әуе қатынасы жаңа бағыттармен толығады. 30 қарашада Алматы – Токио бағыты бойынша алғашқы рейс жолға шықпақ.
Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Премьер-министрдің бірінші орынбасары:
– Басқа елдермен халықаралық әуе қарым-қатынасты дамытудамыз. 2026 жылғы 30 қарашада Алматы – Токио бағытында бірінші әуе рейсі ашылады. Келесі жылы Вена, Нью-Йорк, Милан және басқа да жаңа әуе бағыттары ашылады. Негізгі авиациялық хабтар айқындалды. Бұл хабтарда арнайы экономикалық аймақтар режимі енгізіліп, жанармай құю кешендері мен жүк терминалдары жаңғыртылуда, мультимодальды тасымалдау қағидаттарына сәйкес теміржол және автомобиль жолдары тартылуда.
Көлік инфрақұрылымын дамыту тек әуе қатынасымен шектелмейді. Елімізде теміржол және автомобиль жолдарының өткізу мүмкіндігін арттыруға да басымдық беріліп отыр. Соның бірі – Арал – Каспий магистралі. Жаңа теміржол желісі жүктерді жеткізу мерзімін үш күнге дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Құрылыс жұмыстары 2028 жылдың соңына дейін аяқталмақ. Ал жолдардың сапасына қатысты жоба-жоспар тіптен бөлек. Тарам-тарам трассаларды жақсарту үшін салаға жаңа стандарттар енгізіледі. Әңгіме жол салатын мердігерлерге қатысты. Ендігі жерде олардың жауапкершілігі күшейтілмек.
Мақсат Қалиақпаров, ҚР Көлік вице-министрі:
– Елдің ең шалғай ауылынан бастап ірі қалаларына дейін инфрақұрылым жаңғырады. Әлеуметтік нысандар салынып, күре жолдар жөнделеді, тозығы жеткен желілер жаңартылады. Алдағы ауқымды іске Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бөлінбек. Қазірдің өзінде жалпы құны 1,5 трлн теңге болатын 262 жоба мақұлданыпты. Қазынадағы қаржының басым бөлігі әлеуметтің әлеуетін көтеруге бағытталған.
Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Премьер-министрдің бірінші орынбасары:
– Бірінші кезекте қомақты қаражат әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталуда. Атап айтқанда, денсаулық сақтау саласында жалпы 344 млрд теңгеге 41 жоба іске асырылады. Бұл қаражатқа жаңа ауруханалар, емханалар, перинаталдық орталықтар мен перзентханалар салынады. Білім беру саласында мектептер мен көпфункционалды кешендердің құрылысын қоса алғанда, 101 млрд теңгеге 28 жоба іске асырылады.
«Халықтық құрылыс» бағдарламасы елдегі құрылыс қарқынын арттыруға күш салады. Жоспарлы жұмыстың іске асырылуын бақылайтын арнайы мемлекеттік комиссия құрылмақ. Оның құрамына бірқатар салалық ведомство басшылары, Құрылтай мен мәслихаттар депутаттары, Халық кеңесінің мүшелері, қоғам қайраткерлері, белсенділер, волонтерлер және журналистер кіреді. Жұмыс тобы қаражаттың тиімді жұмсалуын, нысандардың сапасы мен қауіпсіздігін қадағаламақ.
Авторлары: Кәмшат Мұхамеджан, Мадияр Қындыбаев