Асыл тұқымды мал ұрығы экспортталады
Қолдан ұрықтандыру арқылы қазақтың ақбас сиырынан алынған төл тәулігіне бір келі салмақ қосады.
Мамандар жүргізген зерттеу нәтижесі осындай. Қосшы қаласындағы өндіріс орнында асыл тұқымды ірі қара мен ұсақ малдың биологиялық материалдары сақтаулы. Оның арасында өткен ғасырдан бері тұрғандары бар. Сонша уақыт өтсе де сапасын жоғалтпайды. Биологиялық материалдарға шетелден де сұраныс жоғары. Қырғызстан, Моңғолия және Ресейден тапсырыс түседі.
Еркебұлан Смадияров, тілші:
- Мына бір ғана пайет (түтікше) 0,25 мг шамасында. Осыдан бір бұзау алынуы мүмкін. Ал енді елестетіңіз, мына биоқойма жарты тонна шамасында. Мұнда 300 мыңдай пайет сақталған.
Ал өндірістік аумақта мұндай биоқойманың 40 шақтысы бар. Яғни қазірдің өзінде миллиондаған түтікше сақтаулы. Ғылыми процесс қалай жүреді? Басынан бастайық. Түсірілім күні мамандар Қазақтың ақбас сиыры мен Әулиекөл тұқымынан ұрық алып жатты. Биологиялық материал бірден зертханаға жіберіледі.
Гүлбейне Жұмашқызы, зертхана технологы:
- Программа арқылы олардың белсенділігін санаймыз. Белсенділігі бұқанікі 96 пайызды көрсетіп тұр. Ал прогрессив деген гиперактивный ұрықтарды санайды. Одан кейін мына картинкада бізде олардың қозғалысын көрсетеді. Мына көкпен белгіленгендер — гиперактивныйлар.
Кейін әрбір түтікшеге мекеме мен ірі қара тұқымының атауы, сырға нөмірі, материалдың алынған уақыты жазылады. Содан соң мұздатылып, бір ай карантинге жіберіледі.
Кенжебек Нұрсаинов, аға лаборант:
- Стаканчик бір ай сақталады. Бір айдан кейін қайтадан сапасы тексеріледі. Сосын тапсырамыз. Міне мынадай стакан. Аттары жазылған бұқаның.
Зерттеу нәтижесіне сүйенсек, қолдан ұрықтандыру арқылы қазақтың ақбас сиырынан алынған төл тәулігіне 1 келідей салмақ қосып, 15 айлығында 450 келіге дейін жетеді. Әулиекөл тұқымы да осал емес. Әрбір бұқадан аптасына екі рет биологиялық материал алынады. Талдау мен карантиннен сәтті өткендері негізгі биоқоймаға жеткізіледі. Мамандардың айтуынша, мұнда өткен ғасырдан бері сақталған биоматериалдар бар.
Сайлау Қисметұлы, қойма меңгерушісі:
- "Принц" деген Москвада 1-орын алған бұқа. Соның ұрығын іздеп келіп, міне бізден тауып тұр. Біз сақтап қалдық. Бізде 70-80 жылдардан бері сақтап отырмыз. Қазір генофонд дейді, бір сосудты соған сақтап отырмыз. Әр тұқымнан 500-ден, 1000-нан салып қоямыз.
Өндіріс орнындағы биоматериалдар ірі қараның 22, ұсақ малдың 15 түрлі тұқымынан алынған. Түтікшелерді сұйық азотта, яғни -196 градуста жүз жылға дейін сақтауға болады. Өнімдер елдің әр өңіріне және шетелге сатылады. Ресейден Қазақтың ақбасы мен симментал сиырына, сондай-ақ Еділбай қойына сұраныс жоғары. Моңғолия ақбас пен ангусты, Қырғызстан Голштин мен Алатау сиырын көбейтуге ниетті.
Жұмабек Божиков, малды ұрықтандырушы-техник:
- Еділбай, дорперге қазір сұраныстар көп, австралийская белая. Енді қазір будандастырып жатырмыз. Дорпер мен Еділбайды будандастырып, құйрық майын азайту жолында біз ұзақ жыл жұмыс жасап келеміз ет бағытында.
Саладағы түйткілді мәселелердің бірі малдан биологиялық материал алу, жеткізу және қолдан ұрықтандыру қызметтерін әр ұйым бөлек жүргізеді. Сайып келгенде, шаруалардан шағым түссе, кінәлі тарапты анықтау қиын. Ұрықтандырушы-техник жеткізушіні, ал жеткізуші зертханашыны айыптауы мүмкін. Мұндай келеңсіздікті шешу үшін мамандар енді цифрлық жүйенің көмегіне жүгінгелі отыр.
Болат Сейсенов, «Асыл түлік» АҚ Басқарма төрағасы:
- Біз малды жасанды ұрықтанлыру процесін түгел цифрлық жүйе арқылы бақылауды көздеп отырмыз. Материалдың сапасы, мерзімі, қайда жолданғаны, қанша төл алынғаны, бәрі-бәрі ақпараттық базада тұру керек. Платформа Ауыл шаруашылығы министрлігіне тиесілі. Бұл саланың ашықтығын қамтып, қызмет сапасын арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар осы ақпараттар негізінде шаруалар субсидия алады.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша елде асыл тұқымды ірі қара 1 млнға жуықтаса, қой 3,3 млннан асты. Ал бағалы түйе 2,5 мың, жылқы 49 мыңға таяған.
Еркебұлан Смадияров, Ержан Рахманбердиев