Қазақстан алғаш рет Select USA Investment Summit алаңында жиын ұйымдастырды

Қазақстан алғаш рет ((Select USA Investment Summit)) "Сэлект USA Инвестмент Саммит" алаңында инвестициялық ынтымақтастыққа бағытталған арнайы жиын ұйымдастырды.

Онда АҚШ нарығына шығу, инвестиция тарту және серіктестік орнату мәселелері қаузалды. Шараға  жүзге жуық өкіл қатысып, өз тәжірибесін ортаға салды. Олардың арасында қос елдің дипломаттары, АҚШ Сауда министрлігіне қарасты ұйымдар мен институттар бар. Кездесу барысында қазақстан компаниялары өз жобаларын таныстырып, АҚШ нарығына шығудың нақты тетіктерін талқылады. 

Ердана Ержанұлы, тілші:

- Астана мен Вашингтон арасындағы инвестициялық байланыс жаңа деңгейге шығуы мүмкін. Бүгін дәл осы жерде қазақстандық компаниялардың АҚШ нарығына шығу жолдары талқыланып жатыр. Сарапшылардың айтуынша, енді әңгіме тек инвестиция тарту емес, еліміздің жобаларын америкалық нарыққа енгізу жайлы болмақ.

Жиын сыртындағы талқы, телефондағы қарбалас әңгіме, шай үстіндегі кеңес - бұл Select USA инвестициялық саммитіндегі қалыпты көрініс. АҚШ-тың барлық штаты мен өңірлері “бізді таңда” деп шетелдік инвесторларға “таласатын” сәт. Сондай ауқымды шара аясында лық толы залда қазақстандық кәсіпкерлер де өз әлеуетін көрсетіп, АҚШ нарығына шығу жолдарын арнайы кездесу барсында талқылады. Саммиттің 13 жылдық тарихында еліміздің компаниялары тұңғыш рет осылай бас қосып отыр.

Джули Стаффт, АҚШ-тың Қазақстандағы Елшісі

- Бұл Қазақстан мен АҚШ арасындағы инвестициялық ынтымақтастық үшін тарихи сәт. АҚШ нарығына шығуға ниетті 30 қазақстандық компанияның қатысуы – соның айқын дәлелі. Сарапшылар бүгін нақты ұсыныстарын айтты. Америкалық нарыққа шығу оңай емес. Бірақ бір рет шықсаңыз, мүмкіндік өте көп: капитал, еңбек күші, инфрақұрылым – барлығы жоғары деңгейде. Сондықтан АҚШ инвестиция үшін «алтын стандарт» саналады. Қазақстандық бизнестің белсенділігі – үлкен жетістік. Келесі жылы бұл көрсеткіш арта түседі деген сенім бар.

Мағжан Ілиясов, Қазақстанның АҚШ-тағы Төтенше және өкілетті Елшісі:

- Мұнда жиналған жұрт бүгін отандық компаниялардың қызықты жобалары мен батыл да ауқымды жоспарларына куә болды. Жалпы кәсіпкерлерге айтар кеңес – тек ел не өңір шеңберінде шектелмей, халықаралық нарыққа шығуды ойлау қажет. Егер нақты стратегия, дайындық және айқын көзқарас болса, АҚШ – зор мүмкіндіктер нарығы. Бүгінгі таныстырылымдар соны анық көрсетті. Қазақстандық компаниялардың әлеуеті жоғары. Әсіресе финтех, ауыл шаруашылығы және жасанды интеллект салаларында бәсекеге қабілеті мықты. Яғни, халықаралық нарықта табысқа жетуге толық негіз бар. 

Алғашқы панельдік сессияда АҚШ нарығына қадам басқан немесе соны жоспарлап отырған қазақстандық компаниялар өз тәжірибесін ортаға салды. Кез болған қиындықтар сөз болды. Бизнесті жерсіндіру, федералдық және өңірлік құрылымдармен серіктес болу, қызмет талаптарына сай келу жөнінде келелі кеңес те айтылды. Ал екінші сессияда АҚШ өкілдері шетелдік компанияларға қалай көмектесе алатынын айтып,  мүмкіндіктер жайлы баяндады. Қазақстандық кәсіпкерлердің толғандырған сұрақтарына да жауап берді.

Тимур Турлов, кәсіпкер:

- Бүгінде АҚШ нарығында жұмыс істеп жүрген қазақстан компаниялары аз емес – әсіресе финтех пен құрылыс саласында. Біз халықаралық стандарттарға бейімделуді үйрендік, ал отандық экожүйелерде әзірленіп жатқан өнімдер шын мәнінде жаһандық деңгейге шықты. Мен біздің бәсекеге қабілетіміздің де, іскерлік мәдениетіміздің де айтарлықтай өскеніне сенемін. Алдағы уақытта қазақстандық бизнестің елден тыс жерлерде де үлкен жетістіктерге жетуіне куә боламыз. 

Шараға АҚШ-тың сауда департаменті, Халықаралық сауда әкімшілігі, Select USA саммитінің серіктес институттары да қатысты. Тіпті Қазақстанға құда болып келетін америкалық конгрессмен Гленн Айви де сөз сөйлеп, екі елдің ынтымақтастығы жаңа кезеңге аяқ басқанын алға тартты. 

Гленн Айви, АҚШ конгресмені:

- Менің келінім Қазақстаннан. Сондықтан Конгреске сайланғаннан кейін осы ел туралы көбірек біліп, қызығушылығым артты. Кейін Қазақстан жөніндегі конгресс кокусына қосылып, әріптестеріммен бірге екіжақты ынтымақтастықты дамыту бағытында жұмыс істеп келеміз. Бүгінгі бастамалар – нақты нәтиже беретін, адамдарға пайдасы тиетін маңызды қадамдар. Сондықтан біз бұл байланысты тек жеке қарым-қатынас деңгейінде қалдырмай, оны саясат пен экономика тұрғысынан да жүйелі түрде дамытуды көздейміз. 

Жиын соңында саммит өкілдері қазақстандық тараппен келесі жылы да ортақ шара ұйымдастыруға уағдаласты. 

Ердана Ержанұлы, Эндрю Фанг