Жүргізуші куәлігі болмаған: Көкшетаудағы жол апатына қатысты 2 қылмыстық іс қозғалды

Видеодан алынған кадр

Көкшетауда 52 жастағы әйелдің өліміне әкелген жол-көлік оқиғасына байланысты екі қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды «24KZ».

Ақмола облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Көлік жүргізген әйелге қатысты адам өліміне әкелген жол қозғалысы ережелері мен көлік құралдарын пайдалану талаптарын бұзу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Тергеу барысында әйелдің көлік жүргізу құқығы болмағаны және тиісті оқудан өтпегені анықталды», - делінген хабарламада

Сонымен қатар көлік иесі - оның жұбайына қатысты да жүргізуші куәлігі жоқ адамға көлік тізгінін бергені үшін қылмыстық іс қозғалды. Бұл бап бойынша бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Қазіргі уақытта жол-көлік оқиғасын жан-жақты және объективті тергеуге бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде, -деді облыстық полиция департаменті.

11 мамыр күні Көкшетау қаласының мамандандырылған тергеу соты күдіктіге қатысты «үйқамақ» түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Қылмыстық істердің тергелуі полиция департаменті басшылығының бақылауында.