ШҚО-да круиздік демалыс жанданады

Шығыс Қазақстан облысында круиздік демалыс қайта жанданып келеді.

Енді кемеге мініп Ертістің бойымен еркін саяхаттауға болады. Су жолы арқылы жолаушылар тасымалдау әзірге Өскемен қаласы мен Бұқтырма арасында жүріп жатыр.

Жергілікті билік өңір экономикасын дамыту мақсатында кеме қатынасын одан әрі жандандыруды көздейді. Бұл үшін Тұғыл ауылы маңында өзен портының құрылысы басталады. Жүк кемелері аялдайтын айлақ пен су көліктерін жөндейтін бекет салынған соң жүк тасымалы да арта түседі.

Ксения Белова мен Андрей Никифоров жас капитандар. Дегенмен, олар қазірдің өзінде су көлігін жетік меңгерген. Кеме қатынасы қайта қолға алынған заманда дәл осындай мамандар тапшы. 90-жылдардың басында Ертіс өзені арқылы жүк пен жолаушы тасымалдайтын 20-ға жуық кеме жүрген. Қазір тек алтауы ғана қалды. Соның өзіне маман табу қиын. Сондықтан өңірде кеме жүргізушілері мен механиктерді даярлаудың мемлекеттік бағдарламасы жасалды. Курсанттар Өскемендегі колледж базасында оқиды. 

Қажымұқан Оспанғалиев, Өскемен көп салалы технологиялық колледжінің директоры:

- Талдау нәтижесінде ең қажет мамандар тізімі жасалды. Жұмыс берушілер тарапынан да кеме жүргізушілері мен механиктерге сұраныс жоғары. Сондықтан, біз алдымен осы мамандарды даярлауға басымдық беріп отырмыз. 

Алдағы екі жылда Өскемен және Семей қаласындағы оқу ордаларында 50-ге жуық курсант білім алып шығады. Кадрларды іріктеу барысында олардың кәсіби білімімен қатар су көлігіне қызығушылығы мен жауапкершілігі де назарға алынады. 

Андрей Никифоров, кеме капитаны:

- Кемемен суда жүру адамға ерекше сезім сыйлайды. Әр сапарымыз романтикаға толы. Осыдан бірнеше жыл бұрын мен су көлігін басқарамын деп мүлде ойламаған едім. Қазір күн сайын айдынға шығуға асығып тұрамын. 

Олег Белов капитан-механик. Тәжірибелі маман кеме жүргізумен қатар оны жөндеумен айналысады. Кепілге меншігіндегі мүлкін қойып несие алған. Ол қаржыға аймақтағы флотты қалпына келтіріп, жүк тасымалын дамытуға ниетті. 

Олег Белов, кеме капитаны, өңірлік су көлігін дамыту жобасының жетекшісі:

- Қазақстандағы су ресурстарының жартысына жуығы шығыс өңіріне тиесілі. Сондықтан, мен су туризміне баса назар аударып отырмын. Тұғырдағы жүк тасымалына қатысты мәселе үш жылдан бері талқыланып келеді. Қазіргі таңда "Қазақстан су жолдары" кеме жолдарына тиісті тереңдік қалыптастыруға кепілдік беріп отыр. Бұл жермен Қытай-Қазақстан-Ресей мемлекеттері жүк тасымалдайды. 

Өңірде су жолдары арқылы кеме қатынасы ресми түрде ашылды. Су көліктері әзірге Өскеменнен Бұқтырма су қоймасына дейін жолаушылар тасымалдайды. Дегенмен, кеме қатынасының мүмкіндігі бұдан әлдеқайда жоғары дейді мамандар. Сондықтан жергілікті билік Ертіс өзенінде Қазақстан, Қытай және Ресей мемлекеттерін жалғайтын су жолын ашу мүмкіндіктерін қарастыруда. Ол үшін 2027 жылға дейін Тарбағатай ауданындағы Тұғыл ауылында порт салу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек Зайсан көлі арқылы кеме қатынасын қалыптастыру жолдары да пысықталып жатыр. Ол отандық тауарды Қытайға тасымалдауға кететін шығынды айтарлықтай азайтады.  Бұл іске жеке инвесторлар тартылады. Прапорщиков ауылында Семейге одан әрі Ресейге бағыт алған кемелерді қабылдайтын айлақ салынады. 

Бағлан Көшеров, кәсіпкер:

- Болашақта біз Ертістегі кеме қатынасын қайта қалпына келтіруді жоспарлап отырмыз. Ол үшін Глубокое ауданында кеме жөндеу цехын ашқымыз келеді. Қазір бізде өзен түбін тереңдететін 2 техникамыз бар. Алдағы уақытта тағы екеуін аламыз. 

Бүгінде Ертіс өзені арқылы қазақстандық кемелер жыл сайын бір жарым миллион тоннадан астам жүк тасымалдайды. Бұл көрсеткішті әлі де арттыруға болады. Көлік министрлігіндегі сарапшылар жылына 2 миллион тоннадан астам жүк тасымалдауға болатынын мәлімдеп отыр. Бұл өз кезегінде теміржол тасымалына түсетін жүктемені жеңілдетеді. Ертістен басталған жолмен тіпті  Обь өзені арқылы Солтүстік теңіздерге дейін шығуға болады. Оған қажетті техникаларды сатып алуға және мамандар даярлауға ауқымды инвестиция қажет, дейді мамандар.

Елдос Кәкенов, Вячеслав Ветлугин және Дмитрий Пыхтин