СҚО-да жолдар жаңартылады
Солтүстік Қазақстан облысында биыл 724 шақырым жол жөнделеді.
Бұл мақсатқа республикалық және жергілікті бюджеттен қомақты қаржы бөлінді. Мамандар құрылыстың барысы мен сапасын жасанды интеллект арқылы бақыламақ. Алынған әр сынама цифрландырылған жүйеде тексеріліп, электронды түрде шешім шығарылады.
Облыс аумағындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 8 мың 200 шақырым. Күн жылынғалы жол-құрылыс жұмыстары қарқын алды. Мердігерлер тоз-тозы шыққан жолдары жаңғыртуға кірісіп кетті. Жолдарды жөндеуге жалпы 88,7 млрд теңге бөлінді.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Биыл Петропавл қаласының республикалық бағыттағы айналма және кіреберіс жолдары жөнделеді. Мамандар барлығы 29 шақырым жерге асфальт төсеп, жарықтандыру жүйесін толық ауыстыруды жоспарлап отыр.
Құрылыс барысын жасанды интеллект қадағалап отырады. Цифрландырылған жүйе бақылаудың ашықтығын қамтамасыз етеді, дейді мамандар. Жол активтері сапасының ұлттық орталығы мамандары облыс орталығында оқыту семинар өткізіп, электронды бағдарламаның тиімділігін көрсетті.
Қанат Өсербаев, "Жол активтері сапасының ұлттық орталығы" РМК СҚОФ директоры:
- Жол жабындысынан алынған кернге QR код беріліп, акт толтырылады. Барлық мәлімет электронды түрде енгізіледі. Яғни, оны ешкім де өзгерте алмайды. Егер қандай да бір кемшілік анықталса, жол қабылданбайды.
Былтыр облыс бойынша әрбір үшінші сынама талапқа сай болмай шықты. Осыған байланысты мемлекеттік мекемелер мен мердігер ұйымдарға хат жолданып, тиісті шаралар қабылданды.
Самат Ақжігітов, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:
- Биыл Тілеусай, Қаратерек, Баймырза, Покровка, Мальцево, Бескөл, Горьков, Долматов, Летовочный, Жұмысшы ауылдарына дейінгі жолдар жөнделеді деп жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта мердігер ұйымдармен келісім - шарт жасалып, жұмыс басталып кетті.
Биыл облыса 724 шақырым жол жөнделеді деп жоспарланып отыр. Бұл жол инфроқұрылымын дамытып, көлік қозғалысын жақсартуға мүмкіндік береді, дейді мамандар.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков