Жалған ақпарат үшін жазаға тартылады: Алматы облысында екі оқушы ұсталды
Алматы облысында терроризм актісі туралы көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін 9-сыныптың екі оқушысы ұсталды, деп хабарлайды «24KZ».
Тергеу барысында олардың Астана қаласы мен Алматы облысында тіркелген осындай 14 дерекке қатысы бары анықталған.
Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысындағы 9-сынып оқушысы әлеуметтік желі қолданушыларының атынан Шымкент қаласы әкімдігі мен Ақтау қаласындағы сауда үйлерінің бірінің электрондық поштасына жарылғыш құрылғылар қойылғаны туралы хабарламалар жіберген.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, күдіктілер қылмыс жасау кезінде анонимді телефон нөмірлері мен электрондық пошталарды пайдаланған.
«Мұндай әрекеттер қылмыстық құқық бұзушылық болып саналады. Жалған қауіп туралы хабарламалар адамдар арасында дүрбелең туғызып, шұғыл қызметтердің жұмысына кедергі келтіреді. Бұл үшін бас бостандығынан айыруға дейін жауапкершілік қарастырылған», – деді ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті басқармасы бастығының орынбасары Аман Әубәкіров.