Қазақстандықтар кейбір мемлекеттік қызметтерді енді тек онлайн алады
Қазақстанда мемлекеттік қызметтердің бір бөлігі толықтай онлайн форматқа көшіп жатыр. Енді кейбір құжаттарды бұрынғыдай ХҚКО-ға бармай-ақ алуға болады, деп хабарлайды «24KZ».
Цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, электронды цифрлық қолтаңба беру қызметі толықтай электронды форматқа ауысты.
Бұған дейін ЭЦҚ алу үшін азаматтар ХҚКО-ға барып, жеке басын растауы қажет болатын. Әсіресе есеп беру кезеңдерінде немесе мемлекеттік қызметтерге сұраныс артқан кезде орталықтарда ұзын-сонар кезек қалыптасатын.
Жаңа жүйе азаматтардың уақытын үнемдеп, мемлекеттік қызметтерді алуды жеңілдетуге бағытталған.
Министрлік мәліметінше, алдағы уақытта тағы бірнеше маңызды қызмет толық цифрлық форматқа көшіріледі. Соның бірі – автосалоннан сатып алынған көлікті алғашқы тіркеу қызметі. Болашақта азаматтар жаңа көлікті рәсімдеу үшін арнайы халыққа қызмет көрсету орталығына бармайтын болады.