Қазақстанда әскерилерге берілетін тұрғын үй өтемақысының ережесі өзгерді

Фото: depositphotos.com

Үкімет 2026 жылғы 8 мамырдағы қаулысымен әскери қызметшілерге тұрғын үй төлемдерінің орнына ақшалай өтемақы беру ережесіне түзетулер енгізді. Жаңа ережелер 19 мамырдан бастап күшіне енеді, деп хабарлайды «24KZ»

Өтемақыны кімдер ала алады?

Бұл төлем біржолғы сипатқа ие және ол барлық әскерилерге емес, тек төмендегі санаттарға беріледі:

2013 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша қызмет өтілі 10 жылдан асқандар;

20 жыл қызмет етіп, қызметтік пәтерін тегін жекешелендіруге құқығы бар жандар;

 Жекешелендіруге жатпайтын қызметтік пәтерде тұрып жатқан әскерилер.

Төлем мөлшері қалай есептеледі?

Қазақстан бойынша жаңа тұрғын үйдің 1 шаршы метрінің орташа бағасы алынады (биылғы қаңтардағы статистика бойынша).

Бұл сома әр отбасы мүшесіне шаққандағы 18 шаршы метрге көбейтіледі.

Шыққан сомадан әскери қызметшінің бұған дейін алған тұрғын үй төлемдері шегеріледі.

Егер әскери қызметшінің немесе жұбайының басында меншікті баспанасы болса (мұраға қалған немесе 50%-дан аз үлес болса есептелмейді), бұған дейін жекешелендіру құқығын пайдаланса немесе соңғы 5 жылда үйін сатып/сыйлап жіберсе, өтемақы берілмейді.

Өтемақы алу үшін әскери қызметші қызмет орнынан отбасы құрамы туралы анықтама, жұбайының қызметі туралы деректер мен тұрғын үй төлемдерінің есеп карточкасын өткізуі тиіс.

Ақша бұйрық шыққаннан кейін бір ай ішінде арнайы шотқа аударылады. Оқырман назарына: бұл қаражат тек баспана мәселесін шешуге жұмсалуы керек және оны пайдаланғаныңыз туралы есепті 6 ай ішінде өткізілуі тиіс.