Такси мен курьерлерге өтемақы төлеу тетігі әзірленуі мүмкін
Цифрлық платформалар арқылы жұмыс істейтін қазақстандықтардың құқығын қорғау тетігі әзірленуі мүмкін. Әңгіме такси жүргізушілері мен курьерлер туралы. Қосымшадағы техникалық ақаулар салдарынан олар тапсырыссыз, табыссыз қалуы ықтимал. Осыған байланысты депутаттар өтемақы төлеуді ұсынды. Бірақ шығын қалай есептеледі және оны кім өтейді? Бұл туралы 24KZ хабарлайды.
Астаналық Ақгүл Шәріпова үшін такси қызметі – негізгі табыс көзі. Төрт жылдан бері жұмыс кестесін өзі жоспарлайды. Көпбалалы ана болғандықтан алғашында көбіне түнгі уақытта жұмыс істеген. Алайда ұзақ ауысымның өзі тұрақты табысқа кепіл емес.
Ақгүл Шәріпова, Астана қаласы тұрғыны:
– Такси саласы бастапқыда мені қуантатын, қызық көретінмін. Күніне 30 мың теңге табатын едім. Бұл – төрт жыл бұрын. Менің бала-шағамның азық-түлігі бар, көлігімнің жанар-жағармайы бар, күнделікті несием бар. Жыл өткен сайын такси жүргізушілері көбейіп жатыр.
Бәсекелестік – жалғыз мәселе емес. Жақында агрегатор жүйесінде болған техникалық ақау салдарынан жүргізушілер тапсырыс қабылдай алмай, табысынан қағылды. Ақгүл сол күндері біраз шығынға ұшыраған. Сұраныс артқан кезде тарифтің уақытша көтерілуі шығынның бір бөлігін өтегенімен, кейінгі техникалық іркілістер жұмысын қайта қиындатқан.
Ақгүл Шәріпова, Астана қаласының тұрғыны:
– Сол кезде желіге шыға алмадық. Аккаунтымыз өздігінен тоқтап қалды. Енді такси жүргізушісі ретінде біздің құқықтарымыз бен жағдайымыз Еңбек кодексі арқылы қарастырылмаған сияқты. Кейде соған ренжиміз. Біз бір жетімдер секілдіміз. Біздің оқиғамызды ешкім ашып айтпайды. Жеке кәсіпкер ретінде танып, салық пен айыппұлдың бәрін есептеп шығарды. Ал сіз табысты қалай тауып жатырсыз, қандай қиындықтарға тап болып жатырсыз деп ешкім қызыққан емес.
Қазір Қазақстанда 35 цифрлық платформада миллионға жуық адам жұмыс істейді. Бұл – еңбек нарығындағы елеулі көрсеткіш. Демек бір ғана жүйенің істен шығуы мыңдаған адамның күнделікті нәпақасына әсер етуі мүмкін. Осыған байланысты Құрылтай депутаты Гүлзира Атабаева платформа қызметкерлерінің мүддесін қорғау тетігін әзірлеуді ұсынды.
Гүлзира Атабаева, Құрылтай депутаты:
– Әзірге мұндай өтемақы төлеу тетігі халықаралық тәжірибеде де жоқ. Сондықтан депутаттық сауалымда Еңбек министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы механизмді әзірлеуді ұсындым. Барлық тарап өз ұсыныстарын ортаға салып, ортақ шешімге келуі керек. Қазір мәселе талқыланып жатыр. Себебі мұндай ұзаққа созылған техникалық ақаумен алғаш рет бетпе-бет келіп отырмыз. Ең алдымен, ақаудың себебі мен ұзақтығын анықтау қажет. Сондай-ақ өтемақы сағат сайын немесе күніне төлене ме, қызметкер осы уақыт ішінде қанша қаражаттан қағылды деген мәселелердің барлығы жан-жақты зерделенуі тиіс.
Қаржы сарапшысы Батырхан Елеместің пікірінше, цифрлық платформаларда еңбек ететіндер елдегі экономикалық белсенді халықтың шамамен 10 пайызын құрайды. Демек жүйедегі іркіліс мыңдаған адамның ғана емес, олардың отбасыларының да қаржылық жағдайына әсер етеді.
Батырхан Елемес, қаржы сарапшысы:
– Егер мен жалдамалы жұмысшы болсам, жұмыссыз қалған жағдайда жәрдемақы алуға құқылымын. Ал цифрлық платформаларда еңбек ететіндерге қатысты тәсіл өзгеше болуы керек. Платформа иелері жүйенің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ете алмаса, тоқтап тұрған уақыт үшін өтемақы төлеуі тиіс. Өйткені елдегі экономикалық белсенді халықтың оннан бір бөлігі осы платформалар арқылы күн көріп отыр. Олардың да өз міндеттемелері бар.
Әзірге бастама талқылау сатысында. Алдағы уақытта төлемді есептеу тәртібі, оны алу шарттары мен өтемақы көздері анықталуы тиіс. Қосымша міндеттемелер жүктелуі мүмкін цифрлық платформалардың ұстанымы 17 қарашада «Әділет» партиясының алаңында тыңдалмақ.