Онлайн дүкендерде «Қазақстанда жасалған» тауарлар алдыңғы қатарға шығады
«Қазақстанда жасалған» таңбасына қойылатын талаптар енді тек сауда желілеріне ғана емес, онлайн-платформаларға да қолданылады, деп хабарлайды «24KZ».
Онлайн-сауда платформаларында отандық өнімдерді қолдау күшейтіледі. Сауда және интеграция министрлігі маркетплейстерге қазақстандық тауарларды іздеу нәтижелерінде басым көрсету және «Қазақстанда жасалған» арнайы бөлімдерін ашу талабын енгізуді жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта тиісті заңнамалық түзетулер әзірленіп жатыр.
Бұған дейінгі талаптарға сәйкес, сауда орындарында отандық өнім үлесі кемінде 30% болуы тиіс. Қосымша қолдау тетіктері арқылы бұл көрсеткіш 50%-ға дейін жетуі мүмкін. Сонымен қатар, «Алтын сөре» қағидаты бойынша отандық тауарлар көрінетін орындарға орналастырылмақ.
Мамандардың айтуынша, мұндай шаралар отандық өнімнің сатылымын арттырып, тұтынушылардың қазақстандық тауарларға сұранысын күшейтеді. Пилоттық зерттеулер де бұл тәсілдің тиімділігін көрсетіп, кейбір өнім түрлерінің сатылымы 20%-ға дейін артқанын дәлелдеген.