Көлік жүргізушісін даярлайтын автомектептерге қатаң талап қойылады

Нұсқаушылар мен оқыту орталықтарының жұмыс тәртібіне қатысты жаңа заң жобасы Мәжілісте қаралып жатыр. 

Жол-көлік оқиғасы көбейіп кеткендіктен, заңды күшейту қажеттігі туындап отыр. «Жүргізушілерді даярлау сапасын арттырсақ, жол қауіпсіздігіне оң әсері болады», - дейді полиция қызметкерлері. Биыл тек Абай облысында 207 жол апаты болып, 16 адам қаза тапқан. Үш жүзден астам адам жарақат алды. Қазір жол қозғалысын қадағалау бірнеше цифрлық жүйе арқылы жүреді. 

Мөлдір Назынбекова, облыстық ПД әкімшілік полициясының инспекторы:

- Тәжірибе көрсетіп отырғандай, кей жағдайда автомектептер жүргізушілерді дайындауға атүсті қарайды. Осының салдарынан жол-көлік оқиғалары азаймай отыр. Сондықтан автомектептердің оқыту талаптарына сәйкестігіне, нұсқаушылардың біліктілігіне ерекше назар аудару қажет.