СҚО-да «Заң мен табиғат» Telegram-боты іске қосылды
Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы экологиялық құқықбұзушылықтар туралы хабарлауға арналған «Заң мен табиғат» Telegram-ботын іске қосты. Тұрғындар бот арқылы заңсыз ағаш кесу, жерді бүлдіру, жер қойнауын рұқсатсыз пайдалану, ауа мен су айдындарын ластау және браконьерлік деректер туралы хабарлай алады, деп хабарлайды 24KZ.
Ол үшін оқиғаны баяндап, бар болса фото немесе видео жолдау жеткілікті. Әрбір хабарлама табиғатты қорғау прокурорына тікелей түсіп, өтініштердің жедел қаралуына және құпиялылықтың сақталуына мүмкіндік береді. Жоба «Заң мен тәртіп» қағидаты мен «Таза Қазақстан» акциясы аясында жүзеге асырылды. Жыл басынан бері өңірде табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 84 дерегі анықталған. Ал соңғы бір аптада жаңа бот арқылы түскен 6 хабарламаның барлығы тексеріліп, расталды.
Айтуған Қаскырбаев, мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры:
– Өткен аптада Петропавл қаласында ағынды сулардың төгілуі туралы хабарлама түсті. Тексеру барысында бұл дерек расталып, кінәлі тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жалпы, төрт дерек бойынша заң бұзған азаматтарға айыппұл салынды. Тағы екі өтініш бойынша тексеру жұмыстары жалғасуда. Қазір келтірілген залал көлемі анықталып жатыр. Оның қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылданды.