Алматыда ең ірі тау кластері құрылады

Алматы жыл бойы жұмыс істейтін тау туризмі орталығына айналуы мүмкін. 

Шаһарда «Almaty Superski» жобасы аясында заманауи тау-шаңғы курортын салу жоспарланып отыр. Мамандардың болжамынша, жоба толық жүзеге асса, 2028 жылға қарай ішкі туристер саны 3,4 миллион адамға дейін жетіп, ал шетелден келетін қонақтар легі 2,5 миллионға ұлғаяды. Бұл туралы Алматы тау кластерін дамытуға арналған кеңейтілген кеңесте айтылды. Жиында туристік инфрақұрылымды жаңғырту мәселелері де жан-жақты талқыланды.

Кеңейтілген кеңес «Almaty Superski» жобасын таныстырудан басталды. Жаңа курорт Көкжайлауда салынады. Бұл қаланың туристік тартымдылығын арттырады,-дейді жоба авторлары. Осылайша, 1022 гектар аумақта халықаралық стандарттарға сай тау-шаңғы курортын ашу жоспарланған. Оның ішінде 17 аспалы көтергіш, 70 шақырым шаңғы трассалары мен 20 гектар жерге туристік қалашық салу көзделіп отыр. Аспалы жолдар Медеу, Көкжайлау және Құмбелді жалғайды.

Ержан Еркінбаев, Kazakh Tourism Development бас атқарушы директоры:

- Осы «Almaty Superski» жобасының тек өзі 5 мың адамды жаңа жұмыспен қамтиды. Сосын ең маңыздысы, алматылықтардың мектепке барған балалардың өз дене шынықтыру сабақтарын тауда өткізуге мүмкіндік пайда болады. Жалпы тау шаңғы курорттың концепциясы, идеясы ол өте эко бағытымен жасалатын жоба.

Алматы тау кластері тек «Almaty Superski» курортынан тұрмайды. Жалпы кластерді дамытудың кешенді тұжырымдамасы шеңберінде 30-ға жуық аспалы жол тартылып, ұзындығы 151 шақырым шаңғы трассаларын салу көзделген. Бұдан бөлек, табиғат аясындағы белсенді демалысты дамыту үшін хайкинг бағыттарын ұлғайтып, веложолдар желісін кеңейту де жоспарланып отыр. Сонымен қатар таулы аумақтарда туристер қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бірыңғай жүйе енгізілмек.

Бауыржан Рапиков, ҚР Туризм және спорт министрінің орынбасары:

- Бұл – үлкен жоба. Негізгі бұл жоба үш жылға арналған. 2029 дейінгі жылға дейін арналған жоба. Кезең-кезеңмен жүретін жоба. Бүгінде 70-тен астам іс-шара жоспарланған бұл жоба бойынша. Жеке жол картасы дайындалған. Алматы тау кластерінің дамуы 10 жылдан кейін Финляндия, Дания, Норвегия сияқты Миланда көргеніміздей өзіміздің елімізге 5, 6, 10 дүркін әлем чемпиондарын дайындауға мүмкіндік береді.

Алматы тау кластерін құру мақсатында биыл бірқатар шаруа атқарылады. Әуелі Шымбұлақты жаңғырту және Бұтақты, Кімасар шатқалдарын дамыту көзделген. Екінші кезең 2027 жылы басталмақ. Ол Пионер, Oi-Qaragai курорттарын аспалы жол арқылы біріктіруді қамтиды.

Ғалия Тоқсейітова, қалалық Туризм басқармасының басшысы:

- Алматы тау кластерін дамыту инвестиция тартуға да үлкен серпін береді. Жоба аясында шамамен 150 миллиард теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарланып отыр. Бұл қаражат коммерциялық инфрақұрылымды, сервис қызметтерін және тау кластері аумағындағы туристік нысандарды дамытуға бағытталады.

Айта кетейік, өткен жылы Алматыға 2,5 миллионға жуық турист келген. Нәтижесінде туризмнен түсетін салық мөлшері 27 пайызға артыпты. Мамандардың айтуынша, Алматы тау кластері жобасы толық жүзеге асса, бұл көрсеткіштер еселене түсетіні анық.

Авторлары: Мәди Мәлік, Валентин Лобанов