Қызылордада «Turgyndar AMANATY» жобасы басталды

Қызылордада көпқабатты үйлердің түйткілін тарқататын «TURGYNDAR AMANATY» жобасы басталды. 

Аймақта өткен «Үйді басқару: жауапкершілік, сенім, нәтиже» форумында, коммуналдық мәселелерді шешу жолдары талқыланды. «AMANAT» партиясының бастамасымен қолға алынған жаңа жоба, тұрғындар мен басқарушы компаниялар арасындағы байланысты нығайтпақ.

Қызылорда облдысында соңғы үш жылда 940 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Облыста 1,5 мыңға жуық көппәтерлі үй бар. Осы тұрғын үйлерді күтіп ұстау үшін бірқатар шара қолға алынған.

Мұрат Ергешбаев, облыс әкімі:

- Тұрғын үй қорын жаңарту мәселесі біздің тұрақты бақылауымызда. Үш жыл көлемінде облыс аумағында 3 миллиард 500 миллион теңгеге 65 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қызылорда қаласында 1 миллиард 775 миллион теңгеге 60 ескі көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттері заманауи панельдермен жаңартылды.

Ескі үйлердің келбетін өзгертумен қатар, басқару жүйесін де реттеу қажет. Осыған орай «AMANAT» партиясы «TURGYNDAR AMANATY» жобасын іске қосты. Жоба аясында меншік иелері бірлестігі мен пәтер иелері кооперативінің төрағаларын оқыту, «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасын енгізу көзделген. Сондай-ақ партияның өңірлік филиалында арнайы фронт-офис құрылмақ.

Ержан Жылқыбаев, AMANAT партиясының хатшысы:

- Үш деңгейлі бюджет, ОСИ-ге өту форматы, сол заңның өзін дұрыс түсіндіру үлкен жұмыс. Көптеген ОСИ, КСК төрағалары заңның дұрыс тетіктерін қалай пайдаланудың әлі де кемшілік тұстарын көріп отыр. 3000-нан астам ОСИ, КСК төрағаларын оқудан өткіздік.

Мархабат Жайымбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Үйді, жылу жүйесін жөндейміз бе, мысалы күнеріп тұрған болса? Су жүйесін жөндейміз бе? Болмаса ауланы, ойын алаңдарын саламыз ба? Соның бәрін тұрғындар өздері ақылдаса келіп шешу керек.

Жиын соңында сала мамандары марапатталып, партия қатары жаңа мүшелермен толықты.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев