Жаңа кәсіп игеруге мол мүмкіндік
Ақтөбе облысында биыл жұмыссыздар санатындағы 540 адамның жаңа кәсіп игеруге мүмкіндігі бар. Олар мемлекеттік бағдарлама аясында білім алып, жұмысқа орналаса алады.
Қазір 46 адам нарықта сұранысқа ие жұмысшы мамандығын меңгеріп жатыр.
Әлима Сағынғалиеваның тек орта білімі бар. Мектепті тәмәмдағаннан кейін кәсіп игерудің сәті түспеген. Кейін отбасын құрып, бар күш-жігерін дүниеге келген 5 баласын өсіруге жұмсайды. Тұңғышы студент атанып, қолы ұзарған шақта ғана шаштараз мамандығын оқуға бел буған.
Әлима Сағынғалиева, қала тұрғыны:
- Балалар өскен соң жұмыс істеуге ниеттеніп, жұмыссыз ретінде тіркелдім. Шаш жасадық. Қиып әлі үйренген жоқпыз. Енді бастаймыз. Теория үйреніп жатырмыз. Қиынға түспейді деп ойлаймын. Екі қызым бар. Қыздарымның шаштары ұзын. интернеттен қарап әртүрлі өрім өремін.
Әлима Сағынғалиевамен қатар бұл оқу орталығында тағы 9 қыз-келіншек шашатараз мамандығының қыр-сырын үйреніп жүр. Тағы 10 үміткер тігінші оқуына түскен. 3 айдан 6 айға дейін созылатын білім беру үрдісі өндірістік тәжірибемен ұштасуы шарт. Нәтижесінде білікті маман атанып, тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігі артады.
Надежда Шабаева, Оқу орталығының басшысы:
- Тігіншілерге сұраныс көп. Оқу орталығында білім алған қыздардың 80-90 пайызы өзіміздің өндіріс орнында жұмыс істеп қалады. Шебер қыздар басқа мамандық түрлерін де игеріп кетеді. Біліктілігін арттырып, кесте тігуші, логотиптермен жұмыс істейтін маман болып шығады.
Биыл Ақтөбе облысында қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарында 540 жұмыссызды тегін оқыту жоспарланып отыр. Мемлекеттік бағдарлама аясында үміткерлер жаңа дағдыларды меңгеріп, мамандық иегерді. Біліктілігін арттыруға да мүмкіндік бар. Тыңдаушыларға шәкіртақы қарастырылған.
Венера Урумбаева, Еңбек мобильдігі орталығының директоры:
- Әртүрлі мамандықтар бар. Жұмыссыз азаматтар реестр бойынша таңдайды. Тігінші мамандықтар, шаштараз, аспазшы. Ер азаматтарға электро-газо сварщик, электрик деген сияқты мамандықтарды оқиды. Облыс бойынша бізде 200-ден астам оқу орталықтары тіркеліп тұр.
Яғни қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстары аудан орталықтарында да бар. Білім алып, жаңа мамандықты игерген түлектерге сертификат табысталып, жұмыс беруші тараппен келісімшарт аясында жұмысқа қабылданады.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов