2026 жылғы салық өзгерістері: бизнес нені ескеруі керек?
Қазақстанда 2026 жылдан бастап салықтық бақылау күшейіп, ҚҚС бойынша тіркеуді өткізіп алған бизнеске ірі айыппұлдар салынуы мүмкін, деп хабарлайды «24KZ».
Сарапшылардың айтуынша, кәсіпкерлердің ең жиі жіберетін қателіктері – салық режимін уақытында қайта қарамау, жеке карталарды бизнеске пайдалану және құжаттарды дұрыс рәсімдемеу.
Қазақстанда 2,18 млн шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Оның 71%-дан астамы – жеке кәсіпкерлер. Бұрын шағын бизнестегі кейбір бұзушылықтар назардан тыс қалуы мүмкін еді. Ал қазір салық жүйесі операциялардың басым бөлігін нақты уақыт режимінде бақылап отыр.
Банк операциялары, электронды шот-фактуралар, онлайн-кассалар және контрагенттер туралы мәліметтер автоматты түрде салыстырылады. Соның нәтижесінде көптеген бұзушылықтар ерте кезеңде анықталады.
Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер және салық консультанты Раушан Тасшоинова өзінің Telegram-арнасында кәсіпкерлер арасында кең таралған негізгі мәселелердің бірі – «әдетпен жұмыс істеу» екенін атап өтті.
2026 жылы Салық кодексіне енгізілген өзгерістерден кейін бизнес күнделікті жұмыста қымбатқа түсетін қателіктерге жиі жол беріп жатыр, – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, кәсіпкерлер көбіне қарапайым қателіктерден қаржы жоғалтады:
– салық режимін уақытында қайта қарамау;
– ҚҚС бойынша тіркеуді өткізіп алу;
– жеке тұлғаларға төлемдерді дұрыс рәсімдемеу;
– мәмілелер бойынша құжаттарды толық жинамау;
– есептілікті кеш тапсыру.
Сонымен қатар жеке және кәсіпкерлік операцияларды араластыру да тәуекелді күшейтеді, – деп түсіндірді Тасшоинова.
2026 жылы ҚҚС бойынша талаптар да күшейді. Міндетті тіркеу шегі 10 000 АЕК немесе шамамен 43,2 млн теңгені құрайды. Егер компания бұл межеден асып, уақытында ҚҚС төлеуші ретінде тіркелмесе, оған 50 АЕК көлемінде айыппұл салынып, тіркеусіз жүргізілген айналымның 15%-ы мөлшерінде қосымша салық есептелуі мүмкін.
Сарапшының айтуынша, бастапқы құжаттардың болуы ғана жеткіліксіз. Салық органдары жеткізушінің жұмысты немесе қызметті нақты орындауға мүмкіндігі болған-болмағанын, қызметкерлері мен ресурстарының жеткіліктілігін және міндеттемелердің іс жүзінде орындалғанын да тексереді.
2026 жылғы маңызды өзгерістердің бірі – жеңілдетілген декларациямен жұмыс істейтін жеткізушілерге қатысты. Енді жалпыға бірдей салық режиміндегі компаниялар мұндай жеткізушілерден сатып алынған тауарлар, жұмыстар мен қызметтер бойынша салықтық шегерім жасай алмайды.
Жеке карталарды бизнеске пайдалану мен кірістерді толық көрсетпеу кәсіпкерлер үшін қосымша салық тәуекелдерін арттырады, – деді салық консультанты.
Сондай-ақ сарапшы шетелдік контрагенттермен жұмыс істеу кезінде жіберілетін қателіктерге назар аударды. Көптеген компания маркетинг, жазылым және бейрезиденттердің қызметтері үшін төлемдердің салық салдарын алдын ала бағаламайды. Алайда мұндай тәуекелдер келісімшарт жасалғанға дейін ескерілуі тиіс.
«Салық жүйесі барған сайын цифрланып, кез келген сәйкессіздікке сезімтал бола түсті. Сондықтан кәсіпкерлер салық режимін, есеп айырысу құрылымын және контрагенттермен жұмысты тұрақты түрде қайта қарап отыруы қажет. Көп жағдайда алдын ала жүргізілген тексеру кейінгі айыппұлдар мен қосымша есептеулерден әлдеқайда арзанға түседі», – деп қорытындылады Тасшоинова.
2026 жылғы 1 қаңтардағы ҰСБ деректері бойынша.