Алматыда заңсыз орнатылған сауда орындары бұзылады
Алматы қаласының аумағында 1595 заңсыз стационарлық емес сауда нысаны анықталды. деп хабарлайды «24KZ».
Оның 509-ы мемлекеттік жер телімдерінде орналасса, 210 нысан жекеменшік аумақтарда жердің нысаналы мақсатын бұза отырып қойылған. Сонымен қатар, 876 нысан бекітілген дизайн-код талаптарына сәйкес келмейді.
«Жыл басынан бері бар болғаны 157 нысан сүрілген, бұл мегаполис үшін өте төмен көрсеткіш. Инженерлік желілерден ажырату мәселесін қарастырып, полициямен бірлесіп меншік иелерін әкімшілік жауапкершілікке тарту қажет. Заң бәріне бірдей болуы тиіс. Бір ай ішінде нақты нәтиже күтемін», - деді қала әкімі Дархан Сатыбалды.
Қазіргі таңда қалада стационарлық емес сауда нысандарын орналастыруға арналған 142 арнайы орын бекітілген. Жыл соңына дейін олардың санын көбейту жоспарланып отыр.