Әйелдерді саяси сахнаға даярлайтын тренинг

Астанада әйелдерді саяси сахнаға дайындайтын тренинг басталды. Өңір-өңірден жиналған 60-қа жуық қыз-келіншек алдағы науқандарға қатысуға әзірленіп жатыр.

Олардың қатарында саяси партиялар мен азаматтық сектор өкілдері бар. Қатысушылар алдағы үш күн бойы сайлауалды стратегияны әзірлеу, сайлаушылармен өзара іс-қимыл, пікірсайыстар мен көпшілік алдында сөз сөйлеу секілді дағдыларды меңгереді. Түрлі деректер бойынша бүгінде әлем бойынша әйелдердің парламенттегі үлесі 27 пайыз. Тек 28 елде ғана мемлекет немесе Үкімет басшысы қызметін нәзік жанжыдар атқарады екен. Ал Қазақстанда депутаттардың 18 пайызы, министрлер кабинетінің 16 пайызы бұрымдылар.

Ләззат Сүлеймен, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасы демографиясы саясаты жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары:

- Әйелдер саясатқа көп қатысқан жерде әлем де, қоғам да ұтады. Өйткені барлық әлеуметтік мәселелер балаға байланысты, анаға байланысты, қоғамға байланысты, нағыз қазір біз әлеуметтік мемлекетпіз. Осыған байланысты мәселелерді терең білетін әйелдер. Және олар оны мәслихатта да, Парламентте де күн тәртібіне сауатты қоюға тиіс.