«Таза Қазақстан» акциясының рейтингі жасалды
Республикалық «Таза Қазақстан» акциясының тиімділігін арттыру үшін өңірлердің пилоттық рейтингі жасалды.
Жиналған тұрмыстық қатты қалдықтар, қоқысты қайта өңдеу секілді жұмыстардың үлесі TazaQazBot жүйесі арқылы ескерілген. Олжас Бектенов бұған дейін бекітілген түжырымдама бойынша экологиялық саясатты жүзеге асырудың негізгі буыны ретінде жергілікті атқарушы органдарға маңызды рөл жүктелгенін айтты. Мәселен, осы жұмыстардың нәтижесінде Алматыдағы тазалық акцияларына 146 мың адам қатысқан. Ал Ақтөбе облысында 200 мың ағаш отырғызылды. Үкімет басшысы «Таза Қазақстан» акциясының басты күші волонтерлік қозғалыс екенін айтты. Бүгінде елімізде 810 ұйым мен 3 жарым мың бастамашыл топ жұмыс істейді, белсенді волонтерлар саны 300 мың адамға жеткен. Қозғалысты одан әрі дамыту үшін 56 жоба мен 60 шағын грант жүзеге асырылып жатыр. Тиісті тұжырымдаманы қалыптастыру, волонтердің цифрлық паспортын енгізу, сондай-ақ волонтерлерді ынталандыру және әлеуметтік қорғаудың қосымша шараларын қоса алғанда, жаңа тәсілдер пысықталуда.