Ұлытау облысында ақыл-есі кем жүргізуші оқушы тасымалдаған

Фото: depositphotos.com

Ұлытау облысында мектеп директоры ақыл-есі кем туысын мектеп автобусының жүргізушісі етіп жұмысқа алған, деп хабарлайды «24KZ».

Ұлытау облысы Қаражал қаласы прокуратурасының мәліметінше, аталған азамат психоневрологиялық ауру бойынша диспансерлік есепте тұрады (жеңіл дәрежедегі ақыл-ой кемістігі). Бала кезінен мүгедек (қайта куәландыру мерзімінсіз), сондай-ақ есту қабілеті бойынша екінші топтағы мүгедек. Бұдан бөлек, сот шешімімен бұған дейін ол жүргізуші куәлігінен айырылған.

Соған қарамастан, Қаражал қаласының жалпы білім беретін мектептерінің бірінде ол жүргізуші лауазымына қабылданып,  мектеп автобусымен оқушыларды тасымалдаған.

Сондай-ақ, жүргізуші білім беру ұйымының басшысына жақын туыс болып шықты. 

Прокурорлық қадағалау актісі нәтижесінде аталған жүргізуші мектеп автобусын басқарудан шеттетілді, кінәлі лауазымды тұлғалар қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды.