Сәтбаевтық еріктілер жаралы бірқазанды құтқарып қалды
Олар қанаты сынған құсты қала орталығынан тауып алған. Енді еріктілер Қызыл кітапқа енген бірқазанды алдағы күндері Қарағандыдағы арнайы саябаққа жеткізеді, деп хабарлайды 24KZ.
Қызыл кітапқа енген құстың өндірісті шаһарға қалай ұшып келгені белгісіз. Бұйра бірқазанның шамамен 2-3 айлық балапанын еріктілер қала орталығынан тауып алған. Қанаты сынған құс қазір осындағы экоорталықта жанашыр жандардың ерекше қамқорлығында.
Ақнұр Баймұқанова, ерікті:
– Бұл қалада СОК жақта жүрген екен. Содан кейін төртінші мектепке қарай барған, одан кейін акиматтың артындағы үйлердің қасында болған. Сол жерден біз таптық. Сол жерден тауып, үйіме алып кеттім. Одан кейін осы жерге Ерік мырза алып келді. Жаңағы бүкіл жағдайын жасадық.
Бұйра бірқазан Ұлытау өңірінде тұрақты тіршілік етпейді. Тек көктемгі және күзгі маусымдық көші-қон кезінде аймақтағы су қоймаларына уақытша аялдайды. Сирек кездесетін құс Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген және мемлекет қорғауында.
Арман Әбсалықов, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы:
– Ұлытау облысына қалай келуі мүмкін?! Ол миграциялық жылы жаққа ұшып бара жатқанда бұл бұйра бірқазанның балапаны үлкен құстардың артынан ере алмай қалып қойған. Бұл жерде қалдыруға болмайды. Ол Қызыл кітапқа енген болғандықтан оны міндетті түрде заң аясында тапсыруымыз керек.
Құс бірнеше күнде жарасы жазылып, өздігінен қоректенетін жағдайға жеткен. «Дегенмен оны орталықта қалдыра алмаймыз», – дейді мамандар. Қызыл кітапқа енген бірқазан арнайы мамандардың қамқорлығына берілуі керек. Сондықтан алдағы күндері Қарағандыдағы жануарлар саябағына жіберіледі.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев