Пойыздар мен ұшақтарда интернет қолжетімді болады

Ғаламтор енді жерде де, әуеде де қолжетімді болады.

Сапарға шыққан жолаушы жол үстінде де байланыстан ажырамайды. Ақжолтай жаңалық бүгін Мәжілістің кезекті отырысында айтылды. Халық қалаулылары басқосқан алаңда  елді елең еткізер бірқатар маңызды мәселе көтерілді. Мұғалімнің жүктемесін жеңілдету, ұялы байланыс тарифтерінің қымбаттауы мен сайлау заңнамасын жетілдіру жолдары бар.

Жолаушы үшін ұзақ жолды қысқартатын амалдың бірі тұрақты интернет еді. Енді бұл мәселе шешімін табуға жақын. Қазақстанда спутниктік интернет пойыздар мен тасжолдарда қолжетімді болады. Алғашқы кезең ретінде Алматы-Астана бағыты таңдап алыныпты. Алатау мен Арқаны беттеген ағайын ендігі жерде алаңсыз жылдам желінің қызығын көретін күн де алыс емес. Жиынға келген Жаслан Мәдиевтің жаңалығы осы болды. Премьер-Министрдің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі жаңа заңды осылай таныстырды.

Жаслан Мәдиев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі:

- Биыл республикалық маңызы бар автожолдар, ал келесі жылы – негізгі облыстық автожолдар мобильді интернетпен қамтылады. Сондай-ақ спутниктік интернет арқылы ел аумағы толық қамтылады. Биыл спутниктік интернетті пойыздар мен ұшақтарға енгізу жоспарланған. Өңірде алғаш рет Direct-to-Cell технологиясы қолданылып жатыр. Ол азаматтарға Қазақстанның кез келген жерінен ұялы телефон арқылы интернетке қосылуға мүмкіндік береді. 

Алдағы екі жылда Қазақстандағы 3,5 мыңнан астам ауыл жоғары жылдамдықты ғаламторға қосылады. "Иендегі елді мекенді интернетпен қамту ісі қарқынды жүріп жатыр" , -  деді Жаслан Мәдиев. Айтуынша, елде 5G базалық станцияларының құрылысы қарқынды. Былтыр сала тарихындағы ең ірі жобалар іске қосылды. Бұл ауылдарды оптикалық интернетпен қамтуды қазіргі 43%-дан 92%-ға жеткізуге мүмкіндік береді. Ауыл-аймақты айтпағанда, қаланың өзінде интернет тарифтері халықтың қалтасына салмақ салып тұр. Мінберге шыққан сала министріне бұқараның бұл базынасын депутат Нартай Сәрсенғалиев жеткізді.

Нартай Сәрсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- 2022 жылдан бері Қазақстандағы байланыс операторларының тарифтері 20%-дан 90%-ға дейін өскен. Ал жекелеген ұялы операторларда бағаның көтерілуі 3%-дан 300%-ға дейін, кейбірінде 14%-дан 75%-ға дейін жеткен. Бұл енді сұмдық жағдай ғой. Қарапайым халық бағаға шағымданады. Министрлік біздің қатысымыз жоқ дейді. Кім шешетінін білмей ортада ел қалады, біз қаламыз.

Министр тарифтердің қымбаттауына қатысты бірнеше факторларды атады. Ол әртүрлі тарифтік жоспарлар барын, соның ішінде әлеуметтік қосымша төлемдер де қарастырылғанын айтты. Ұялы байланыс саласындағы монополияға қарсы бақылауды күшейтуді қолдайтынын да жасырмады. Ақпарынша, соңғы жылдары Қазақстанда интернет-трафик тұтыну көлемі 70%-ға артқан.

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Ұялы байланыс операторларының білгенін істеп отыруына жол бере алмаймыз. Осыған байланысты заң жобасы аясында әкімшілік реттеудің орнына қатаң антимонополиялық бақылау қажет. Егер мемлекет бағаны тікелей бекітпесе, онда бағаның негізсіз өсуін картельдік сөз байласу белгілерін күнделікті тексеруі тиіс. Тариф өсті ме, оның әр негіздемесі халыққа ашық көрсетілсін. 

Кәмшат Мұхамеджан, тілші:

- Мәжіліс мінберінде көтерілген тағы бір тақырып мұғалім мәртебесіне қатысты. Енді ұстаз оқушыға тек сабақ кезінде жауапты. Демалыс, мереке күндері баланың бас амандығы ата-анасының жауапкершілігінде. Педагогтер қауымын сүйіншілеткен өзгеріс жүктеменің жеңілдеуіне қатысты. Ендігі жерде мұғалім бір есепті қағаз және электронды форматта қатар бермейді. Заң аясында мектептерде ұялы телефон қолданудың да бірыңғай ережелері енгізіледі.

Кәмшат Мұхамеджан, Марат Диханбаев