Қазақстан-Түркия тауар айналымы дамып келеді
Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда айналымы жыл санап артып келеді. Былтыр тауар айналымы 8,8 пайыз өсіп, 5,41 млрд долларға жетті.
Оның ішінде экспорт өсімі 17,7 пайызды көрсетіп, 4 млрд долларға жуықтады. Ал импорт керісінше 9 пайыз төмендеп, 1,51 млрд доллар болды. Экспорттың басым бөлігі мыс және мыс катодына тиесілі. Өнім құны – 1,69 млрд доллар. Одан кейін 1,51 млрд долларға шикі мұнай экспортталды. Сонымен қатар негізгі тауарлар қатарында құны 160 млн доллардан асатын өңделмеген алюминий бар. Ал импорттық тауарлар көшін 135,6 млн долларға сатып алған дәрі-дәрмек бастап тұр. Сондай-ақ алғашқы үштікке әрқайсының жалпы сомасы 40 млн доллардан асқан әйелдер киім-кешегі мен шоколад өнімдері енді.
Бауырлас елдер арасындағы сауда-саттық биыл да өсіп отыр. Мәселен, қаңтар-наурыз аралығында тауар айналымы 1,65 млрд доллар болды.
Өсім былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 40 пайызға жуықтады. Мұнда экспорттың өсімі 58 пайыздан асты. Үш айда 1,33 млрд доллардың өнімі экспортталды. Ал импорт 0,32 млрд долларды көрсетті. Экспорт тауарларының елеулі бөлігі пайдалы қазбалардың үлесінде. Яғни түрік елі негізінен мыс, мұнай, алюминий, мырыш пен көмір сатып алды. Ал импорттық тауарлар қатарында былтырғыдай дәрі-дәрмек, күнбағыс тұқымы, шоколад өнімдері мен арнайы техника бар.