Ұлттық ұлан авиациясы 34 жылда қалай дамыды?
14 мамыр күні ҚР ІІМ Ұлттық ұланы авиациялық базасының құрылғанына 34 жыл толды, деп хабарлайды «24KZ».
Осы уақыт ішінде 3656 әскери бөлімі құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, арнайы тапсырмаларды орындау, жеке құрамды жедел тасымалдау және гуманитарлық операцияларға қатысу бағытында маңызды міндеттер атқарып келеді.
2025 жылдың басынан бері авиациялық эскадрилья экипаждары әуеде 1924 сағат ұшу орындаған. Бұл шамамен 80 тәулік бойы үздіксіз ұшуға тең. Ұшу тапсырмаларының басым бөлігі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен құқықтық тәртіпті сақтау жұмыстарына бағытталған.
Осы уақыт аралығында Ұлттық ұлан авиациясы 7 мыңнан астам жолаушыны және 607 тонна жүк тасымалдаған.
2024 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордада Ұлттық ұланның жаңа авиабазасын ашқан болатын. Заманауи инфрақұрылымның іске қосылуы бөлімшенің мүмкіндігін кеңейтіп, әуе күштерін жедел пайдалану әлеуетін арттырды.
Қазіргі таңда Ұлттық ұланның ұшақтары мен тікұшақтары мемлекеттік авиация жүйесінің маңызды бөлігіне айналды. Олар ел аумағында күштер мен техниканы шұғыл жеткізу міндеттерін тиімді атқаруда.
Әскери бөлім экипаждары жыл сайын өткізілетін «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасына қатысып, құрамында есірткісі бар өсімдіктердің заңсыз егістіктерін анықтау үшін барлау ұшуларын жүргізеді. Сонымен қатар ұшқыштар «Өрт-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуларына да қатысып келеді.
Ұлттық ұлан авиациясы халықаралық гуманитарлық миссияларға да белсенді араласқан. Әскери ұшқыштар Түркия, Сирия және Ауғанстанға жалпы көлемі 100 тоннадан астам гуманитарлық жүк жеткізген.
Су тасқыны кезінде де 3656 әскери бөлімінің авиациясы құтқару жұмыстарына жұмылдырылды. Ұшқыштар жол қатынасы қиындаған және шалғай аймақтардан тұрғындарды эвакуациялап, азық-түлік, дәрі-дәрмек пен гуманитарлық көмек жеткізді.
Бүгінде Ұлттық ұлан авиациясы ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды құрылымдардың біріне айналып отыр.