Қазақстандықтар тағы бір ақылы демалыс түрін алуы мүмкін: 6 айға дейін жұмыс орны мен жалақы сақталады

Фото: depositphotos.com

Қазақстанда жұмыс орны мен жалақыны сақтай отырып, алты айға дейін ұзақ мерзімді демалысқа шығудың жаңа мүмкіндігі пайда болуы мүмкін. Мұндай түзетулерді Еңбек кодексіне енгізу ұсынылып отыр, деп хабарлайды «24KZ»

Бүгін Сенатта «Еңбек заңнамасын жетілдіру туралы» заң жобасы қаралды. Құжаттағы негізгі нормалардың бірі – жұмысты оқумен немесе ғылыми қызметпен ұштастырып жүрген қызметкерлерге 6 айға дейін оқу демалысын алу құқығын беру. Қазіргі таңда мұндай демалыс негізінен емтихан тапсыру немесе диплом қорғау сияқты қысқа мерзімді шараларға ғана берілсе, енді заңға оны әскери резервте даярлықтан өту, диссертация жазу, ғылыми зерттеулер мен өзге де ғылыми жұмыстарды орындау үшін де алуға болатыны нақты жазылмақ. Оқу демалысының ең ұзақ мерзімі алты аймен шектеледі, алайда тараптардың келісімі бойынша оны бөліп пайдалануға да рұқсат беріледі. Тек «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқу немесе тағылымдамадан өту жағдайларында бұл мерзім басқаша реттелуі мүмкін.

Бұл өзгерістің басты артықшылығы – демалыс кезінде қызметкердің жұмыс орны, лауазымы және орташа жалақысының сақталуында. Бұған дейін мұндай кепілдіктер заңда тікелей бекітілмегендіктен, мәселе көбіне жұмыс берушінің шешіміне байланысты болатын. Ал «Болашақ» бағдарламасының қатысушылары үшін жұмыс орны сақталғанымен, шетелдегі оқу кезінде жалақы төлеу мәселесі жұмыс берушінің еркінде қалады. Құжаттың негіздемесінде жұмыс пен ғылымды қатар алып жүрудің қиындығы, әсіресе академиялық белсенділік артқан кезеңде мұндай қолдаудың қажеттілігі атап өтілген.

«Қаралып жатқан заңның нормалары еңбек заңнамасын одан әрі жетілдіруге, соның ішінде қызметкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды күшейтуге бағытталған. Заң еңбек қауіпсіздігі стандарттарын арттыруды, жұмыс берушілердің қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету үшін жауапкершілігін күшейтуді, әлеуметтік әріптестік тетіктерін дамытуды, сондай-ақ еңбек қатынастарын реттеуде цифрлық шешімдерді қолдану аясын кеңейтуді қарастырады», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Руслан Рүстемов.