Қызылорда облысында «Ана мен балаға өмір сыйлайық!» акциясы басталды
Қызылорда облысында «Ана мен балаға өмір сыйлайық!» атты ауқымды акция басталды. Оған мемлекеттік мекеме қызметшілері, кәсіпорын жұмысшылары мен өзге де ұйымдардың өкілдері қатысты.
Игі істің алғашқы күнінде 100-ден аса ерікті қан өткізіп, азаматтық жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсетті.
Мөлдір Өсербай тұрақты түрде қан тапсырады. Бүгін үйреншікті ісіне ерекше ынта-ықыласпен келді. Себебі одан алынған өмір нәрі өңірдегі перзентхана мен перинаталды орталықтарға жіберіліп, аналар мен балаларға құйылады.
Мөлдір Өсербай, донор:
- Жылына екі-үш рет тапсырамыз. Біз өте қуаныштымыз. Ана мен балаға көмек беру, ана мен баланың үйге аман есен келуіне себепкер болып жатырмыз. Көмектесуге әрдайым дайынбыз.
Бір реттік қайырымдылық арқылы екі адамның өмірін сақтауға мүмкіндік беретін акцияға 500-ден аса адам қатысты.
Қаламқас Кәрімова, акцияны ұйымдастырушы:
- Өмірге бала әкелген кезде әрқашан қуанышты сәттермен аяқталмайтын кездер болып жатады. Бұл жерде ана мен балаға қан тапсыру қажет болып жатады. Көбінесе сирек кездесетін қанды табу қиындық тудырып жатады. Бүгінгі акцияға барлық жанашыр азаматтар, еріктілер келіп тапсырып жатыр. Соған өте қуаныштымыз.
Облыстық қан орталығында донор ретінде 10 мыңнан аса адам тіркелген. Солардың 50-ге жуығы күнделікті келіп, биоматериал қорын толықтырып отырады.
Жалғасбек Үсенов, облыстық Қан орталығының директоры:
- Облысымызда 17 мекемеміз бар. Соның барлығын сұранысына сәйкес қамтамассыз етіп отырады. Қазіргі қорымызды айта кететін болсақ 8 мыңға жуық қан топтарымыз әр топтан құралған. Сақтаулы. Қажет жағдайда біз қамтамассыз етіп отырамыз.
«Ана мен бала өмірін сақтайық!» акциясы алдағы күндері де жалғасады. Игі іске атсалысуды қалайтындар мамыр айының соңына дейін қан тапсырып, мұқтаж жандарға көмек бере алады.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Райхан Тәжібаева, Нұржан Мұзарапшин