Қостанай облысында орманның өртенген алқабында 5 мың ағаш егілді
Қостанай облысында орманның өрт шалған алқаптарына 5 мың көшет егілді. Өңірдегі машина жасайтын зауыттардың жұмысшы жастары бастама көтеріп, ауқымды экологиялық акция өткізді.
«Еңбек жастары» қозғалысы мұрындық болған игі шараға Агромашхолдинг және Аллюр зауытынан 500-ге жуық адам қатысты.
Жастар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына үн қосып, еліміздің табиғи мұрасын сақтап, орман қорын жаңғыртуға үлес қосты. Олардың бұл бастамасы көңіл қуантады- дейді жұмысберушілер.
Динара Шүкіжанова, «Агромашхолдинг KZ» АҚ президенті:
- Екі апта бұрын Қостанайдағы қос машина жасау зауытының жастары волонтерлік қозғалыс құрып, алғашқы қадам ретінде өртенген Әулиекөл орманында ағаш егу жөнінде ұсыныспен шықты. Тіпті көшет сатып алуға бір күндік еңбекақысын бөлуге әзір екендерін білдірді.
«Еңбек жастары» қозғалысының бастауында жүрген белсенділердің бірі «Аллюр» зауытының өкілі Аңсаған Смағұлов. Ол осы Әулиекөлдің тумасы. Сондықтан туған жердің экологиялық ахуалы алаңдатады.
Аңсаған Исмағұлов, Allur автозауытының өкілі:
- Маған Аманқарағай жай ғана орман емес. Бұл менің туған өскен жеріммен, балалық шағыммен байланысты ерекше орын. Бүгін туған елімізге, жерімізге көмек етуге әріптестермен келдік.
Еріктілер 2 гектарға 5 мың ағаш екті. Орманшылардың өздері де жыл сайын жасыл желек аумағын жас көшеттермен толықтырып отырады.
Қалымжан Қазбеков, Семиозер Орман шаруашылығы басшысының орынбасары:
- Былтыр біз 360 гектар ағаш ектік. Биыл осы жоспар бойынша 440 га ағаш ектік. 2 миллионның сыртында міне осындай ағаштар егілді.
Семиозер орман шаруашылығының аумағы 45 мың гектар. Төрт жыл бұрын жартысынан астамы жанып кеткен еді. Ол жерлерде қолдан егілген көшеттердің сыртында табиғи жолмен жас өскіндер қылаң бере бастаған.
Авторлары: Мағауия Қалиев. Сергей Трахтенберг