Таза Қазақстан: 8 жоба іске асады
Алматы облысында қатты тұрмыстық қалдықты сұрыптап, қайта өңдеуге арналған 8 ірі инвестициялық жоба жүзеге асып жатыр.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды. Жалпы, мамандардың сөзінше, қоршаған ортаны қорғау және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізіледі. «Таза Қазақстан» эко-акциясы аясында ұйымдастырылған сенбіліктерге тұрғындар белсене қатысады.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы тазалық шараларына өңірдің 300 мыңнан астам тұрғыны қатысты. Сенбіліктер кезінде мыңдаған тонна қоқыс полигонға шығарылды. Ендігі мәселе- сол қоқыстың өзін кәдеге жарату. Облыста қатты тұрмыстық қалдықты сұрыптап, қайта өңдеуге арналған 8 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр.
Димаш Қожабеков, облыстық ТҮКШ және абаттандыру басқармасының басшысы:
- Бізде «Таза Қазақстан» акциясы аясында инвесторларды тарту бойынша өте қарқынды жұмыс атқарып жатырмыз. Бүгінгі таңда Алматы облысы бойынша 20-дан аса ірі эко-парктеріміз бар. Онымен қоса Талғар ауданындағы Айқан резорт, Тал резорт жеке инвестициялар есебінен парктер салынып, солардың биыл ашылуы жоспарланып отыр.
Одан бөлек қоғамдық орындар мен туристік аймақтарда жиі рейд ұйымдастырылып, тазалық сақтамағандарға айыппұл салынды. Оларды анықтау үшін, облыс бойынша 9100 бейнебақылау камерасы да орнатылған.
Рахым Толокулов, облыстық ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары:
- 434 бабы бойынша, яғни ортақ пайдаланатын орындарды ластау бойынша 240-тан астам дерек анықталып отыр. 505 бабы бойынша аумақтық абаттандыру қағидаларын бұзу деректері бойынша 9 мыңнан астам дерек анықталып отыр. Анықталған құқық бұзушылықтар бойынша 10 млн 107 мың теңгеден астам айыппұл салынды.
Сонымен қатар өңірде өткен «Тазалық күндері» акциясы барысында 50-ге жуық туристік нысанда санитарлық тазарту жұмыстары жүргізілді. Үш күн ішінде акцияға 39 мыңға жуық адам қатысып, табиғи аймақтардан 760 тоннадан астам қоқыс шығарылды.
Авторлары: Гүлім Советқан, Аманжол Жөнкешов