Маңғыстау облысында жол жөндеу жұмыстарында кемшіліктер анықталды

Фото: depositphotos.com

Маңғыстау облысындағы республикалық маңызы бар Форт-Шевченко – Таушық – Шетпе автожолының  орташа жөндеу жүргізіліп жатқан учаскесінде кемшіліктер анықталды, деп хабарлайды «24KZ».

Ұлттық жол активтері сапасы орталығының мобильді зертханасы жол-құрылыс материалдарынан 34 сынама алып, зертханалық тексеруден өткізген. 

Сараптама қорытындысы бойынша, материалдардың нормативтік-техникалық құжаттама талаптарына сәйкес келмеуінің үш дерегі, сондай-ақ технологиялық талаптардың екі бұзушылығы анықталды. Жылжымалы зертхананың жұмысы арқасында ескертулер дер кезінде анықталып, мердігер ұйым мен техникалық қадағалау компаниясына оларды жедел түрде жою жөнінде нұсқама берілді.

Орталық мамандарының айтуынша, жылжымалы зертханаларды қолдану ақауларды бастапқы кезеңде анықтап, уақытылы жоюға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде еліміздегі автомобиль жолдарының сапасын, сенімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Бүгінде еліміз бойынша құрылыс, реконструкция және жөндеу нысандарында тексеру жұмыстарын тікелей жол учаскелерінде жүргізуге мүмкіндік беретін 16 мобильді кешен жұмыс істейді.