Қазақстандықтардың 93,5%-ы үшін отбасы – ең басты құндылық

Фото: depositphotos.com

Бүгін – Халықаралық отбасы күні. Қазақстандықтардың 93,5%-ы отбасын өмірдегі ең басты құндылық деп санайды. Қазақстандық қоғамдық даму институты жүргізген зерттеу нәтижесі қазақстандық қоғамда отбасы институтының маңызы әлі де жоғары екенін көрсетіп отыр.

Зерттеу деректеріне сәйкес, респонденттердің басым бөлігі отбасы ұғымын ең алдымен махаббатпен, бақытпен және ұрпақ жалғастырумен байланыстырады. Азаматтардың шамамен 95%-ы өз отбасылық өміріне қанағаттанатынын айтқан. Сонымен қатар сауалнамаға қатысқандардың 44,9%-ы отбасын бақыт пен махаббаттың символы деп бағаласа, 41,7%-ы оны ұрпақ жалғастырумен, 40,7%-ы өмірдің мәнімен байланыстырған.

Зерттеу нәтижесі бойынша, неке қазақстандықтар үшін отбасын құруға негізделген одақ ретінде қабылданады. Респонденттердің 58,5%-ы некені отбасын құру мақсатындағы ерлі-зайыптылар одағы деп бағаласа, 18,7%-ы оны қарым-қатынасты заңдастыру формасы ретінде қарастырады. Ал некеге тұрудың басты себебі ретінде қатысушылардың 59,9%-ы махаббатты атаған.

Сонымен қатар сарапшылар отбасы институтында жаңа көзқарастардың қалыптасып келе жатқанын айтады. Мәселен, маңызды шешімдерді ерлі-зайыптылардың бірге қабылдауы артып, мұндай отбасылардың үлесі шамамен 35%-ға жеткен. Дегенмен респонденттердің 55%-ы ер адамды отағасы деп есептейді. Бұл дәстүрлі модельдің сақталғанын көрсеткенімен, серіктестік қатынастардың да күшейіп келе жатқанын аңғартады.

Балалар тәрбиесінде еңбекқорлық, үлкенді құрметтеу және өзін-өзі сыйлау бұрынғыдай негізгі құндылықтар қатарында. Сонымен бірге жауапкершілік пен әдептілікке басымдық беретіндердің саны артқан. Мамандардың пікірінше, ата-аналар тәрбиеде тек дәстүрлі ұстанымдарға ғана емес, баланың тұлғалық дамуына да көбірек мән бере бастаған.

Демографиялық көрсеткіштерге сәйкес, Қазақстанда неке қию жасы біртіндеп ұлғайып келеді. Қазір ерлер орта есеппен 27,9 жаста, ал әйелдер 25,3 жаста некеге тұрады. Сонымен қатар ажырасу саны азайған: соңғы жылдары 60 мыңнан 45,7 мыңға дейін төмендеген.

Соңғы зерттеулер саналы ата-ана болуға қызығушылықтың артқанын да көрсетеді. Респонденттердің 73,5%-ы бала тууды жоспарлау қажет деп санайды. Алайда медициналық тексеруден тұрақты өтетіндердің үлесі әлі де төмен – шамамен 17%.

Қазіргі қазақстандық отбасының негізгі мәселелерінің бірі – қаржылық қиындықтар. Отбасылардың 50,3%-ы жинақ жасай алмайды, ал әр екінші отбасында несие бар. Сонымен бірге 52,4% азамат тауарларды бөліп төлеу арқылы сатып алған.

Мамандардың пікірінше, бүгінгі қазақстандық отбасы дәстүр мен заманауи өмір салты арасындағы тепе-теңдікті сақтауға ұмтылып келеді. Сонымен қатар елде отбасы институтын қолдауға бағытталған бірқатар жаңа бастама жүзеге асырылып жатыр. Соның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңнаманы күшейту, көпбалалы отбасыларды қолдау және жастарға арналған тұрғын үй бағдарламаларын дамыту шаралары бар.

Қорыта айтқанда, отбасы қазақстандықтар үшін тұрақтылықтың, өзара қолдаудың және өмірдің басты құндылығы болып қала береді.