Ақмолалық отбасылар 55 түп ағаш екті
Халықаралық отбасы күніне орай Көкшетауда 40 отбасы көшет екті. Олардың арасында көпбалалы және патронаттық отбасылар, еңбек әулеттері мен жас жұбайлар бар.
Экошараға ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар да атсалысты. Игі шара республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылды.
Абзал Азаматұлы, тілші:
- Атадан мал қалғанша, тал қалсын. Осы бір ұлғатты сөздің мән-мағынасын ұғынғандар бүгін отбасыларымен түгел келіп, тал егіп жатыр. Мен де мереке қарсаңында экологиялық акциядан шет қалмай, жанұямды ерте келдім. Анам мен жарым және кішкентай қызыммен бірге, міне, қарағай көшетін егіп жатырмыз.
Бақытты отбасының кілті – бірлік пен татулықта. Бұл қанатты сөздер Бурабайлық Хамзиндер әулетінің айнымас бағдарына айналған. Биыл Ғалымжан ата мен Гаухар әжейдің шаңырақ көтергендеріне жарты ғасыр болады. Үйдің отағасы 55 жыл орман шаруашылығында қызмет еткен. Сондықтан ағаш егудің қыр-сырын жақсы біледі.
Ғалымжан Хамзин, Щучинск қаласының тұрғыны:
- Қарағай 100-120 жыл тұрады. Сондықтан бұл отбасымның еккен ағашы адам баласына 100 жылға дейін ескерткіш болып тұрады. Негізінде біздің балаларымыз, немерелеріміз келіп, суарып, қарап отырады. «Осында атам мен апам келіп, ағаш отырғызып кетіп еді», - деп айтып отыруға болады. Сондықтан бұл жастарға өте қажет нәрсе.
Ал Нақыпбековтар отбасы ағаш егуге кішкентай егіз қыздарын ерте келген. Аягөз бен Ботагөз талдарға су құйып, көпшілікті сүйсінтті.
Көкшетаулық отбасы енді осы ағаштың мәуелі бәйтерекке айналатына сенімді. «Сол үшін апта сайын келіп, қарап тұрамыз», - дейді.
Рахымжан Нақыпбеков, Көкшетау қаласының тұрғыны:
- Отбасымда 7 бала-шаға бар. Төрт ұл, үш қыз. Сол міне, егіздер – Аягөз, Ботагөз. Екеуіне осы отбасылық ағаш егуге шақырып, ағаш егіп жатырмыз. Осылардың естелік болсын кейінге, ұрпаққа аманат деген нәрсе бар.
Мерейлім Қарауылова, облыстық Ішкі саясат басқармасының бас маманы:
- Акцияның басты мақсаты – отбасы институтын насихаттау және некенің оң жағын қалыптастыру, жастарға жақсы жағынан көрсету.
Жалпы акция аясында 55 түп көшет егілді. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта осындай шаралар көбейтуді көздейді. Осылайша, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастырып қана қоймай, отбасылық құндылықтарды дәріптеуді жоспарлап отыр.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко