Түркістан облысында күзгі ағаш егу науқаны басталды

Облыс орталығындағы саябақтар мен әуежайға баратын жолдың бойында жаппай көшет егу акциясы ұйымдастырылды. Бұл экожобаға қала тұрғындары, бюджеттік сала қызметкерлері, жастар және еріктілер қатысты. Жалпы мыңға жуық адам үлес қосты.

«Жібек жолы» саябағында 2 мыңға жуық көшет егілді. Табиғат жанашырлары мен ардагерлер парк аумағына қарағай, үйеңкі, тұт және жиде ағашының көшеттерін екті. Бұдан бөлек, аулалар мен көше бойына 500-ден астам қылқан жапырақты мен терек көшеттері егілді. Игі іске мұрындық болған қала тұрғындары жас көшеттер ертең-ақ қалаға көрік беріп, ыстықта сая болатынын айтады.

Бердалы Ахметов, қала тұрғыны:

- Мына ағаштардың барлығы өзіміздің қолмен егілген. Кейінгі жастар осыны көрсін, ағаштардың қалай шыққанын, қалай пайда болғанын дегендей. Өзіміз үшін де, осы жерде тұратын халық үшін ауа тазарады, адамға жақсы көңіл күй береді.

Гүлсара Асылханова, қала тұрғыны:

- Өз қаламыз таза болу үшін атсалысымыз. Мына кісілердің бәрі біздің қаланың ардагер апалары. Бұл кісілерге де рахмет келгеніне. Біз жақсы болып, қаламызды сүйсек, сол кезде қала жақсы болады.

Өңірдің экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында әуежайға апаратын күре жолдың екі қапталына 22 500 түп ағаш көшеті егілді. Оның ішінде 7500 түп тұт, 6200 түп жиде, 5000 түп өрік пен алша және 3800 түп қарағаш бар. Жалпы әуежай жолының бойына 87 мың түп ағаш егу жоспарланған.

Ғалымжан Төлепов, облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

- Біз арнайы гектар-гектарға бөліп, ағаш түрлеріне сәйкес егіп жатырмыз. Бұл жерде тұт, жиде, өрік, қарағаш егіледі. Жалпы – 22,5 гектар. Осы жерге төзімді ағаштар егіп жатырмыз. Осы біздің ауа райына қолайлы ағаштарды егудеміз. Бұл жерде тамшылатып суару жүйесі толықтай жаңартылды. Қосымша 4 бассейн салынды. Ол суару жүйесін жақсартуға үлкен үлесін қосты.

Биыл облыс аумағында 1 млн түп  көшет егу жоспарланған. Оның 332 мыңы көктемде егілсе,  қалған 700 мыңын күзде егу көзделіп отыр. Қазіргі таңда аудан, қалаларға 195 мың түп көшет бөлінді. Мемлекет басшысының республика бойынша 15 млн көшет егу жөніндегі тапсырмасы аясында облыста  1,5 миллион түп көшет егу жоспарланған.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Сондай-ақ оқыңыз: