Қызылордада оқу-сауықтыру орталығы қолданысқа берілді
Қызылордада «AI-KERIM» оқу-сауықтыру орталығы қолданысқа берілді.
Жыл бойы жұмыс істейтін білім нысанын ашу салтанатына облыс әкімі Мұрат Ергешбаев қатысты. Аумағы 5 мың шаршы метрден асатын ғимаратта балалардың жазғы демалысын өткізуге барлық жағдай жасалған.
Құны 10 миллиард теңге болатын оқу-сауықтыру орталығы Президент саябағы аумағынан бой көтерді. 300 орынды ғимаратта әкімшілік бөліммен қатар ауқымды іс-шара өткізуге арналған ивент аймақ, 4 жайлы жатақхана және қонақүй үлгіcіндегі ғимарат бар. Мамандардың айтуынша, заманауи үлгіде жабдықталған нысан әлемдік стандартқа сай келеді. «Халықаралық Балаларды қорғау күні қарсаңында ашылып отырған бұл орталықты Мемлекет басшысының қолдауымен жас ұрпаққа жасалған тамаша тарту деп есептейміз», – деді Мұрат Ергешбаев.
Мұрат Ергешбаев, облыс әкімі:
- Биыл 170 мыңнан аса оқушы жазғы тынығу лагерінде демалады деп жоспарлануда. Оның ішінде 150 мыңға жуық бала мектеп жанындағы лагерлерде демалады. Қазіргі таңда өңірімізде 7 лагерь жұмыс жасайды. Мұнда барлығы 6615 бала жазғы сауықтыру шараларымен және мазмұнды демалыспен қамтылады.
Орталықта балалардың спортпен шұғылдануы үшін барлық жағдай жасалған. Тиісті талапқа сай спорт залы мен бассейн бар.
Мұрат Бақтиярұлы, мемлекет және қоғам қайраткері:
- Ең бастысы, біздің мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзі айтып, тапсырма берген болатын. Қаржының бәрін шешіп берді. Осы бір жылға жетпей, 9 айдың көлемінде керемет, әдемі осы ғимарат тұрғызылды.
Райгүл Байназарова, білім саласының ардагері:
- Бүгінгі күннің талабына сай, роботпен айналысатын, тағы да көптеген заманауи техниканың, айналысудың басын бастайтын жер болып тұр.
Жақын күндері орталық жанынан ботаникалық бақ ашылады. Сонымен қатар 17 мың шаршы метр аумақ абаттандырылады.
Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев