БҚО-да электр желілері жаңартылып жатыр
Соңғы 3 жылда Батыс Қазақстан облысында 6,7 мың шақырым электр желісі жөнделген.
Нәтижесінде электрмен қамту жабдықтарының тозу көрсеткіші 82%-дан 75%-ға төмендеді. Бұл жұмыстар энергетика және коммуналдық саланы жаңғыртудың ұлттық жобасы аясында қолға алынды. Өңірдегі электр желілерін жаңғыртуға биыл 14,7 млрд теңге қаралған.
Әмина Қажымұратова Зашаған кентінің байырғы тұрғыны. Айтуынша, аталған аудан 90-жылдардың басында салыныпты. Сол кезде тартылған электр сымдары бүгінде ескірген, ағаш бағандар да шіріген. «Қатты желде жарық жыпылықтайтын кездер жиі болады», - дейді ол.
Әмина Қажымұратова, Ер тарғын көшесінің тұрғыны:
- Бізге мына линияны ауыстырғаны жақсы. Қайда баяғыда енді біздер 2001-де көшіп келдік, содан бері ауыстырылған жоқ. Осылар және бәрін шарбақтың ішінен жүргізіп қойған. Соның бәрін қазір бері қарай шығарып жаңартып жатыр. Оған енді көп-көп рахмет! Енді бізге бір керегі мына көшемізді оңдап, асфальт жүргізіп берсе.
Орал қаласы мен шаһар маңындағы Зашаған, Круглоозерное, Серебряков, Подстепное, Мичурин, Деркөл, Бортау, Подстепное ауылдарының электр желілерін жаңғыртуға 3 млрд 600 млн теңге қаржы қаралған. Жалпы ұзындығы 165 шақырым болатын 0,4 киловаттық желіні жаңалау жұмыстары жыл соңына дейін аяқталмақ. Ескі алюминий сымдар оқшауланған кабельдермен алмасады.
Әділет Жанәділов, учаске бастығы:
- Бағаналар 85% бітіп тұр жалпы қала бойынша. Сосын сымын тарту, магистральный сымдарын тарту, сол кезең-кезеңімен бәрі бітеді. Осы желтоқсан айына дейін бітіреміз. Бұрынғы бағандар ескірген, сымдары да бәрі ескі. Осы үзіліп сөну көп болады екен ауылдық жерлерде. Сол мына жаңасына жалғаймыз.
Электр желілерін қайта құру жобасы тек Орал қаласында емес, 6 аудандағы 31 елді мекенде іске асуда. Осы арқылы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру көзделген.
Алтынбек Кенжеғалиев, Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясының бөлім басшысы:
- Ұлттық жоба аясында үш ірі жоба іске асырылып жатыр. 35 киловаттық әуе желісі. Ол деген Жаңақала-Мәштексай жаңа құрылысы, Жаңаталап-Пятимар, Жақсыбай-Талов және Ақтау-Атамекен 35 киловаттық әуе желісі бойынша жалпы ұзындығы 116 км әуе желісі ауыстырылып жатыр. Екінші жобада Бөрлі-Шыңғырлау-Қаратөбе аудандарында 10 және 0,4 киловольттік әуе желілері ауыстырылуда. Сонымен қатар үшінші жобамыз дәл қазіргі көріністегі Орал қаласы бойынша әуе желілері. Үш жобаның жалпы құны 10,6 миллиард.
Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту жөніндегі Ұлттық жоба бойынша биыл Батыс Қазақстан облысында тағы 509 шақырым электр желісін жөндеу басталады. 2030 жылға дейін барлығы 16,7 мың шақырым электр желісін жаңғырту жоспарда. Оған 208 млрд теңге бағытталмақ.
Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов