Ақмола облысында қызметтік иттер 150 қылмысты ашуға көмектескен

Жыл басынан бері Ақмола облысында қызметтік иттер 150 қылмысты ашуға көмектескен. Жартысынан көбі ұрлық, қалғаны есірткі тасымалы мен басқа да заңбұзушылықтар.

Полицияның сенімді серігі- иісшіл иттер жасырылған жарылғыш заттар мен қару-жарақты да тауып береді. Сондай-ақ жоғалған адамдар мен қылмыскерді іздестіруге қатысады.

Макс атты иісшіл ит лабрадор тұқымынан. Полицейлердің сенімді серігіне айналғанына төрт жыл болған. Осы күнге дейін 25 заң бұзушылықтың жолын кескен. Диас Аңсариянов Макспен жылға жуық бірге жұмыс істейді. Биылдыққа 14 ескірткі қылмысын әшкерелеген.

Диас Аңсариянов, кинолог:

- Біз аптасына төрт рет жаттығу жасаймыз. Жүгіртіп, дайындығын тексеріп тұрамын. Жаттығу жұмыстары шамамен 2 сағатқа созылады. Жалпы, ит пен қожайын арасында жақсы байланыс болу керек. Сонда ғана нәтижелі жұмыс істеледі.

Облыста соңғы бір жылда 10 келіден астам есірткі заты тәркіленді. Жедел іс-шараларда қызметтік иттердің көмегі зор болды. Жалпы иісшіл  иттер былтыр 140 қылмысты ашуға қатысты.

Еділ Бегалин, кинолог:

- Қазір біздің орталықта жарылғыш заттарды анықтайтын 3 қызметтік ит бар. Өңірде өтетін кез-келген үлкен шара алдында біздің иісшіл иттер нысанды толығымен  тексеріп шығады.

Облыс бойынша  56 қызметтік ит бар. Біразы аудандарда қызмет етсе, 18-і облыс орталығында.  Мамандар жыл сайын иісшіл иттерді Ішкі істер министрлігінің кинология орталығына 2 айлық курсқа жіберіп, жаттығудан өткізеді.

Ақбота Махметов, облыстық ПД Кинология орталығының бастығы:

- Оның ішінде бір ит Алматыда оқиды. Одорология жағынан оқып жатыр. Екі айға кетті. Жаңа көрсеткен есірткі іздейтін ит осы маусымның аяғында Алматыдағы біздің орталыққа кетеді. Ал жарылғыш іздеушілер былтыр оқып, сертификаттарын алып, биыл жұмыс істеп жатыр.

Күнделікті жаттығудан бөлек, иттердің тамағы да құнарлы болу керек, - дейді  мамандар. Сондықтан жазда   төбеттерге құрғақ тағам берілсе, қыта арнайы ыстық тамақ әзірленеді. Күтімі жақсы болып, денсаулығы сыр бермесе, иттер бұл салада 8 жылдан астам   қызмет етуге жарамды.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный