Алматы облысында полицей қызметтік көлікпен әйелін қағып кеткен

Фото: depositphotos.com

Алматы облысында адам өліміне әкелген жол апаты бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды «24KZ».

Ресми мәлімет бойынша оқиғаға Балқаш аудандық полиция бөлімінің бастығының орынбасары Бауыржан Кабдулдановтың қатысы бар. Қайғылы жағдай 16 мамыр күні таңертең Қонаев – Бақанас тасжолында болған. Полиция қызметкері қызметтік Hyundai Elantra көлігін тізгіндеген. Көлікте оның жұбайы да болған.

Алдын ала дерек бойынша, жолда ерлі-зайыптылар арасында жанжал шыққан. Ер адамның айтуынша, әйел көлік қозғалыс кезінде есікті ашуға әрекеттенген. Осыдан кейін ол жұбайын Бақбақты ауылы маңында түсіріп кеткен.

Бірнеше шақырым жүрген соң, қайта оралған кезде әйел адам жол үстінде болған. Жүргізуші оны байқамай қалып, көлікпен қағып кеткенін айтқан. Әйел оқиға орнында көз жұмды.

Тергеушілер оқиға орнын қарау, қан іздері мен сараптама нәтижелері алдын ала нұсқаны растап отырғанын мәлімдеді.

Алматы облысының полиция департаменті мәліметінше, 37 жастағы күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған. Адам өліміне әкелген жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелді.  Тергеу амалдары жалғасып жатыр.