Жұмыс берушілерді қолдау орталығы іске қосылады
Елімізде жұмыс берушілерді қолдау орталығы мен кәсіпкер әйелдердің платформасы іске қосылады. Астанада «NEF 2026» бірінші ұлттық форумында осындай мәлімдемелер жасалды.
Жаңа құрылымдар өңірлердегі кәсіпкерлерге сараптамалық көмек көрсетіп, олардың мүддесін қорғамақ. Толығырақ келесі бейнематериалда.
Елде еңбек нарығының болашағын айқындайтын қос бірдей жоба іске қосылады. Олар – Жұмыс берушілерді қолдау орталығы мен Әйел жұмыс берушілер платформасы. Бұл бастамалар «PARYZ» ұлттық конфедерациясы ұйымдастырған алқалы жиында жарияланды. Форумда мәлім болғандай, жаңадан құрылатын орталық өңірлердегі кәсіпкерлер бірлестіктеріне сараптамалық көмек көрсетіп, олардың мүддесін қорғайды. Елордаға мемлекеттік сектор мен бизнестен 600-ге жуық делегат жиналды. Олардың басты мақсаты – Үкімет, жұмыс беруші және жұмысшы арасындағы алтын көпірді нығайтып, құрғақ сөзді нақты іске айналдыру.
Қаныбек Жаңбырбаев, «Paryz» конфедерациясының басқарма төрағасы:
- Үкімет пен жұмысшылардың арасында дұрыс балансты таба отырып, елге қызмет ету. Жұмысшыға не керек? Жұмысшыға жақсы айлық керек, қауіпсіз еңбек және жұмысының дұрыс орны керек. Ал жұмыс берушіге тұрақты экономика, кішкене алдын ала болжай алатын заңдар керек. Ал үкіметке осының барлығын дұрыс жолда қамтамасыз етіп, заңдарды уақытында, дұрыс заңдарды қабылдап отыру керек.
Форум мінберінде жасанды интеллект дәуіріндегі еңбек нарығының ертеңі де кеңінен талқыланды. Мамандардың айтуынша, цифрлық трансформация кезеңінде кәсіби бірлестіктердің жаңа талаптарға бейімделуі – уақыт талабы. Сарапшылар кадр даярлау жүйесін қайта қарап, еңбек ұжымдарын алдағы жаһандық өзгерістерге алдын ала қамдау жолдарын пысықтады.
Жұмабек Жанықұлов, «Paryz» ҰЖБК президиумының төрағасы:
- ЖИ келгеніне байланысты жылдан жылға мамандық түрі өзгере береді. сол өзгергендіктен біздер дайын болуымыз керек. Біз келешекте жаңа мамандардың өзгеруіне байланысты жаңа мамандықтарды іздеп, бірге талқылап отырмыз. Қазақстанда қауымдастықтардың саны 300 ге жуық, сол компанияларда 2 млн адам жұмыс жасайды сол 2 млн адамның сұрақтарын талдауға келдік. Олардың тарифтері, келешекте біз қалай дайындалуымыз керек.
Алқалы жиынның тағы бір сүбелі жаңалығы – Әйел жұмыс берушілер платформасының іске қосылуы. Бүгінде еліміздегі кәсіпкерлердің 48 пайыздан астамы нәзік жандылар. Жаңа алаң олардың экономика мен шешім қабылдау үдерісіндегі рөлін еселей түспек.
Ләйлә Күленова, «Атамекен» ҰКП жанындағы әйелдер кәсіпкерлігі комитетінің басшысы:
- Біз бұл алаңның елдің экономикалық саясатын айқындайтын қуатты күшке айналғанын қалаймыз. Қазір әйелдер кәсіпкерлігі – ауқымды экономикалық әрі әлеуметтік фактор.
Бір сөзбен айтқанда, бұл форум – жай ғана пікір алмасу алаңы емес, елдегі жұмыс берушілер институтын жаңғыртып, бәсекеге қабілетті еңбек нарығын қалыптастырудың нақты тетігі.
Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Артур Горшняков